Құрбан айт: Бас мүфти барша жұртқа үндеу тастады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында мал құнын шарықтатпай халыққа оңтайлы баға ұсынуға шақырады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарына үндеу тастады.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.07.2021
Сонымен қатар барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеді.
Арапа күні 19-шілдеге сәйкес келеді. 20-шілде Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Діни басқарма құрбан шалушыларға екі жолды ұсынып отыр. Біріншісі: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары рұқсат берген жергілікті қасапханаларда дәстүрлі жолмен құрбан шалу. Ол жерде санитарлық ережелер қатаң сақталуы керек.
Екіншісі: құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес, былтырғыдай qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру. Бұл пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Әр өңірдің нарығына сай ұсақ мал мен ірі-қараның бағалары бекітілген.
Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
- Белгіленген соманы сайт арқылы жолдайды. Жауапты кісіге табыстайды. Сосын біздің жауапты кісілер қабылдап алғаннан кейін фото, видео есебін береді. Сіздің құрбандығыңызға осындай сома қабылданды болмаса шалынды, міне, фотосы, видеосы, таратылған кісілердің аты-жөні немесе үйлеріндегі фото-видеосы – барлық есебі беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!