Есеп бермек болған шенеуніктерді жұрт түтіп жеді – Шымкент
Шымкентте ел алдында есеп бермек болған шенеуніктердің басы бәлеге қалды. Атқамінерлер Ынтымақ ықшам ауданынының тұрғындарын жинап алып су мен жарықтың жайын айтпақ болған.
Автор: Бек Әбиев
14.07.2021
Алайда құрғақ уәдеге әбден тойған жұрт шенеуніктердің сөзіне құлақ аспай, миллиардтар туралы айтылған есептің құнын көк тиын қылды. Ел-жұрт елең қылмаған есепті тілшіміз де тыңдап көрді.
Шымкенттік шенеуніктер Ынтымақ ықшам ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ел алдында баяндамақ болған еді. Ол үшін тіпті ақ шатыр құрып, карталарын жайып жақсы-ақ дайындалыпты. Бірақ есеп тыңдауға келген ел атқамінерлердің сөзіне құлақ аспай, құрғақ уәде беруді доғарыңдар деп шуласты.
- Болды ғой, мынадай күн ыстықта, кеше көру керек еді. Ит құсап тілімізді салпаңдадып шығарып жаттық, кондиционер қоса алмаймыз, не суды ағыза алмаймыз, бақшада түк істей алмаймыз. 10 жылдан асты тұрып жатқанымызға! Сабырдың да, сары алтынның түбі бар ғой.
22 мың халқы бар Ынтымақ расында өркениеттен жұрдай. Өйткені жарығы, жекеменшік, газы тартылмаған, ең қиыны, ауыз судың жоқтығынан азап көріп келеді. Аптасына бір мәрте әкімдік есебінен әр үйге 400 литр су тасымалданып ауладағы цистерналарға құйылады. Бірақ ол күн ыстықта тез борсып кетеді. Сондықтан тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Мысалы, бірер күн бұрын осындағы көпбалалы отбасының баспанасы өртенгенде 50 көрші жүгіріп, өрт сөндіруге су таппапты.
Құралай Байтұрсынова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Кеше үйіміз өртенді. Сол кезде жан-жақтан өшіретін бір тамшы су таппадық. Бір шелек су таппадық. Осы жерде су болғанда менің үйімді аман алып қалар еді, өрт сөндірушілер келгенше төбесі жанып кетті.
Жұрт алдында жайған сызбалары мен картасы жайына қалған әкім-қаралар жарық пен газ тек келесі жылы болады дейді. Ал ең өзекті боп тұрған ауыз суды биылдан қалдырмай шешпекші. Ынтымақтағы ескірген су жүйесінің 90 пайызын жаңарттық деген шенеуніктер шөліркеген ел күздің соңына дейін үздіксіз таза ауыз суға қарық болады деп тағы да уәде берді.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
- Тұрғындардың көтерген мәселесі өте орынды. Оның барлығына қазір Ынтымақ шағынауданына 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ол ауыз суға, электр энергиясын жүргізуге және газ жүйесін жүргізуге. Енді 25 шақырымнан екі мыңдық, мыңдықтан екеу көлемде суды Көмешбұлақтан әкеп жатырмыз. Ол қараша айына шейін келіп жетеді.
Тұрғындар беті ашық кәріз құдықтарын жауып, көшелерге бағдаршам орнатуды талап етті. Сондай-ақ жаңбыр жауса балшықтан көз ашпайтын көшелерге асфальт төсесін деген. Бірақ инфрақұрылым толық жүргізілмей, тас жол төселмейді деген шенеуніктер биылдан қалдырмай шаңы шығып жатқан көшелерді тегістеп береміз деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!