Арал ауданына 2 миллиардқа жуық қаражат бөлінетін болды
Арал ауданында қуаңшылық салдарын жоюға мемлекет 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөледі. Ауданда төтенше жағдай жариялануына байланысты осындай шешім қабылданды. Бүгінде соның 250 миллионы ғана облыс бюджетінен бөлінген. Қалғаны республикалық бюджеттен енді түсуі тиіс.
Автор: Ербол Тұрымбет
14.07.2021
Аудан басшылығы жұртты қуаңшылық апатынан алып шығуға жалпы құны 1 миллиард 936 миллион теңгеге атқарылатын шаралар тізбесін ұсынған. Оның ішінде 8 арықты тазарту, су тоспаларын салу, 15 елдімекенде табиғи су көзін қазу жұмыстары. Биыл қыста арықтар мен шағын көлдерді суға толтырып алу керек. Сөйтіп алдағы жылдарға да дайын отыру керек дейді аудан басшылары.
Биыл қыстан аман шығу үшін шөп тасымалына кететін жанармай шығынын өтеу қарастырылған. Қазір «қызыл» аймақтағы 13 ауылға 9 мың тоннадан астам мал азығы керек. Бұл нақ қазіргі қажеттік. Ауданда 240 мыңға шамалас мал басы болса, қысқа қарай соның 205 мыңы қолда тұрады. Оларға шамамен 184 мың тонна азық керек.
Ел тарихында 1975 жылы қуаңшылықтан төтенше жағдай жарияланған екен. Ал Тәуелсіздік жылдарында бұл бірінші рет болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!