Бір тәулікте төрт мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды
Қазақстанда жаңа антирекорд. Бір тәулікте төрт мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. COVID-19 Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды облыстарында көптеп тіркелген. Жалпы пандемия дендегелі елімізде қауіпті індет жұқтырғандар саны 467 мыңға жуықтаған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
14.07.2021
Мамандар вирустың өршуі науқастардың кіммен байланыста болғанын жасыруында дейді.
Жанна Прәлиева, Нұр-Сұлтан қаласы санитария-эпидемиология департаменті басшысының орынбасары:
- Ashyq қосымшасы енгізілгелі адамдар бірге кіммен тұратынын, кіммен байланыста болғанын жасыруды әдетке айналдырды. Науқастар жақын адамдары туралы бізге ақпарат берсе, «сары» мәртебеге ие болатындарын біледі де, айтпайды. Ал «сары» мәртебемен белгілі бір нысанға кіру, не ұшу қиын. Уақыт өте келе жасырылған адамдардың науқастармен байланыста болғаны анықталады. Соңғы 14 күнде сондай 300-ге жуық адам тіркелді.
Коронавирустың таралу қаупі бойынша 12 өңір «қызыл», 3 аймақ «сары», ал қалған екі облыс «жасыл» аймақта тұр. Нұр-Сұлтан төртінші ай қатарынан «қызыл» аймақтың құрығынан шыға алмауда. Эпидахуалдың күрделілігі соншалық, елордалық дәрігерлер тұрғындарға инфекциялық стационарлардағы жағдайды көрсетуге мәжбүр. Аурухананың реанимациялық төсектері коронавирустың ауыр түрімен ауыратын науқастарға толы. Бүгінде 200-ден астам адам өліммен күресіп жатыр. Ақ халаттылар халықты өздерінің және жақындарының денсаулығына жауаппен қарап, санитарлық норманы қатаң сақтауға шақырды.
Санитарлық дәрігерлер алда келе жатқан Құрбан айт мейрамын тек отбасымен атап өтуге кеңес берді. Қазақстандықтар қасиетті күнде қашықтан құрбандық шала алады.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитария-эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Құрбан шалу мәселелеріне келетін болсақ, мұсылмандардың діни ұйымы мәліметі бойынша, бүгінгі күні құрбандықты онлайн, сайтта тапсырыс беру арқылы шалуға болады. Сол себепті ешқандай кедергі жоқ. Былтырғыдай түсіністікпен қарап, бұл мерекені айттап бармай, үйде, жанұяңызбен бірге өткізуге шақырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!