Шатырды жабуды ұмытып, көпқабатты үйді су басқан – Алматы
Алматыда төпелеген жауын тұрғындарды төсек-орынсыз қалдырды. Көпқабатты ескі үйдің төбесін мемлекеттік бағдарламамен жаңалап жатқан жұмысшылар шатырды жабуды ұмыт қалдырыпты. Соның салдарынан, кешқұрым жұмыстан оралған жұрттың пәтерлері малмандай су болған.
Автор: Аруна Ортай
15.07.2021
Төбеден сорғалаған жаңбыр суы дүние-мүлікті бүлдіріп, бүтін бір үйді жарықсыз қалдырды. Таңға дейін шелек төгіп, сумен арпалысқан тұрғындар ауа райы болжамын тыңдамаған компанияның сазайын енді сотта тартқызбақ.
Жұмыстан соң жайлы үйіне алып-ұшып жеткен жұрт табалдырықтан аттай бергенде шалқасынан түсті. Үйінің іші малмандай боп, төбеден сорғалаған су ендігі тобыққа жеткен. Пәтеріндегі көлкілдеген көлді Бәтима Әбдікәрімова төбедегі көршісінен көріпті. Жанжалдасуға жетіп барса, ондағылар да бас көтермей, жаңбыр суымен алысып жатыр екен.
Бәтима Әбдікәрімова:
- Су құйғанда үдің іші көл болды. Пәтер иелері кооперативіне бірден қоңырау шалдық. Диспетчер қыз «пәтеріңіз қандай?» деп сұрақ қойды. Сөйтіп тұтқаны қоя салды. Одан кейін көтермей қойды. Бұл не сұмдық?!
Ал жаңбыр түстен кейін сағат төртте төпелей бастады. Түні бойы сумен алысқандар тоққа түсе жаздағанын айтады. Өйткені подьездегі электр торабына да су тиген. Соның салдарынан жарық бір жанып, бір өшіп, тұрғындардың өміріне қауіп төндірген.
Ислам Мадумаров:
- Ертеңге дейін тоңазытқыштағы азық-түлік бүлінеді. Көріп тұрғаныңыздай, үйде жарық бір өшіп, бір жанып тұр. Тұрмыстық техника күйсе, шығынын кім төлейді? Кім жауап береді?
Тұрғындар төбеден аққан суды мердігер компаниядан көріп отыр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен көп қабатты ескі үйдің төбесін жаңалап жатқан жұмысшылар шатырды түгел алдырып тастаған. Содан кетерінде де жаппай кетіпті. Құрылыс бір аптадан соң аяқталуы тиіс болған. Ісіне жүрдім-бардым қараған компания «полиэтиленмен жапқанбыз» деп өздеріне шаң жуытар емес.
Қаһарман Жазин, «Алматы тұрғынүй» ЖШС директоры:
- Төбені арнайы жапқышпен жауып кеткенбіз. Жел қорғаныш қабатты жұлып әкеткен болуы мүмкін. Тұрғындармен арадағы келісім-шартта бұндай жағдай қарастырылған. Яғни, мердігер шығынды өтейді немесе пәтерлерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп береді. Пәтерлеріндегі су кепкен бойда жөндеуді бастаймыз.
Десе де, тұрғындар құрылысшылардың өтірігін шығарды. Айтуларынша, шатырда ешқандай жапқыш болмаған.
- Целлофан төсеп жатырмыз дейді. Бір целлофан жоқ қой?! Кәне!? Страховка болу керек қой? Үйдің іші быт-шыт! Бар бөлмеден су ағып жатыр. Астымдағы көршім шағымданып жатыр. Кәне, міне, төбесінде бір целлофан жоқ! Жаңбыр жауады ғой, әрине! Мен құдай емеспін деп қояды, жаңбыр жауатынын қайдан білем дейді!
Ал салынып жатқан шатырдың ақысы 7 жарым миллион теңге. Мердігер компания оны тұрғындардың мойнына 15 жылға несие ретінде ілген. Төсегіне дейін малмандай су болған халық шығыны өтелмейінше, көк тиын да төлемейміз деп отыр. Олар олақ құрылысшыларды жалдаған компанияның өзін сотқа бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!