Әселдің өліміне себепші болды деген Бесик Тордуа қайтыс болды
Сотқа жетпей өліп тынды. Мамыр айында қазақстандық Әсел Айтбаеваны зорлап, оның өліміне себепші болды деген күдікті қайтыс болды. 57 жастағы Бесик Тордуа ауруханада көз жұмған. Бұл ақпаратты біздің тілшілерімізге марқұмның қорғаушысы растады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.07.2021
Лаша ШуКакидзенің сөзінше, Тордуа бір апта бұрын түрмеден Тбилисидегі ауруханаға ауыстырылған. Үш күн бұрын адвокаты клиникаға барғанымен, науқаспен сөйлесе алмапты. Өйткені ол комада жатқан. Дәрігерлер сол кезде грузин азаматының басының қанталап келгенін айтыпты. Кейбір деректерге сүйенсек, күдікті гематомадан қайтыс болған. Бесик Тордуаны полицейлер 6-мамыр күні Әсел Айтбаеваның өлі денесін тапқаннан кейін ұстады. 57 жастағы азамат қазақстандық қызды «зорлады» және «өлімге итермеледі» деген күдікпен қамауда отырған еді. Уақыт өте келе, бойжеткенді Грузияға жұмысқа шақырған туысы да ұсталды. Оны Қазақстан полициясы адам саудасы бойынша айыптап жатыр. Мейірбеков пен Тордуа арасындағы мұндай келісім марқұм қыздың алдын ала құрбысына жіберген жазбасында айтылған. Қылмыстың ақ-қарасын ашу соттың тамыз айындағы отырысында жоспарланған еді. Енді жұмбақ өлімннен кейін істің әрі қарай қалай өрбитіні белгісіз.
Лаша Шукакидзе, Б.Тордуаның адвокаты:
- Мен үш күн бұрын ауруханаға барғанымда ол комада жатты. Дәрігерлер оның басында қанды ісік барын айтты. Мен оқиғаның мән-жайын әлі нақты білмеймін. Сараптама қорытындысын күтемін, содан кейін ғана не болғанын айта аламын. Денесінде басқа жарақат болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!