ПТР-тестін сатқан әуежай қызметкерлері ұсталды
Алматыда ПТР-тест сатқан әуежай қызметкерлері ұсталды. Ақшаға құныққандар басқа емес, ұшаққа тек жұқпалы сырқаты жоқ жолаушылардың мінуін қадағалауы тиіс жауапты тұлғалар боп шықты.
Автор: Аруна Ортай
19.07.2021
Екінің біріне теріс тест қорытындысын сатқандар 28 және 29 жастағы әйел мен ер адам. Жолаушыларды коронавирус жұқтыру қаупінен қорғаудың орнына, әуежайдың білдей қызметкерлері тест саудасын қыздырған.
Аурудың бар-жоғын анықтайтын сынамадан өткен адамдардың құжатын ұрлап, оның үстінен ақша төлеген адамның атын жаздырған.Тест «саудагерлері» туристерге 15-20 шақты құжатты сатып үлгерген. Полиция екеуін қолма-қол ұстап абақтыға жапты. Жалған құжат жасап сатқаны үшін енді әрқайсысы 6 миллион теңге айыппұл немесе бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ауруды саудаға айналдырған қызметкерлерінің қылығы жайлы Алматы халықаралық әуежай басшылығы ләм-мим демей отыр.
Күдіктілер бұл қылмысқа өздері ғана бармаған. Жалған құжат сатып алған жолаушы ұшаққа кедергісіз кіруі үшін әуе компания қызметкерлерімен ауыз жаласқан. Бірақ нақты қай әуе компанияның қатысы бары айтылмай жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!