Балуан Шолақ бабамыздың ескерткіш-мемориалы елеусіз қалған
Ақмола облысының бұланды тоғайы сыңсыған Өзектісайда жерленген алып күш иесі, қазақтың Балуан Шолағы тарих көлеңкесінде қалып барады деп дабыл қағады балуанның немерелері. Өйткені 2005 жылы зираты жатқан бұл жерге мемориал кешен тұрғызылғанда шенді-шекпенділер уәде еткен бес шақырым жол сол бойы салынбай қалған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
20.07.2021
Ескерткіш қорғауға алынбай, жауын шашыннан мүжіліп, тақта тастары опырылып құлай бастапты.Осындай күйге жеткен мәдени-тарихи орын
– Балуан Шолақ бабамыздың ескерткіші елеусіз қалғанына қынжылады ұрпақтары.
Арқаның арыстаны атанған әйгілі күш атасы Балуан Шолақты білмейтін қазақ кемде-кем. 14 жасынан бастап күреске түсіп жауырыны жерге тимеген жойқын күш иесі ат құлағында да ойнаған. Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенмен тербеткен, заманының айтулы сал-серісінің бірі болған. Осыншама қабілет пен қасиет бір бойынан табылған Балуан Шолақтың сегіз қырын паш ететін алып мемориал ескерткіш кешен қойылғанда жұрт жүрегі жарыла қуанған. Тарихи-мәдени орталық болады деп түйген. Бірақ 15 жылда мемориал маңы тозып, бұл жерге жетудің өзі қияметке айналыпты.
Шайдолла Шолақов, балуанның немересі:
- Балуан Шолақ атамыздың зираты ауылдан бес шақырымда. Бірақ сол бес шақырым жолмен жүру қиын, жасалмаған. Зираттың басы да жөндеу көрмеген. Келген кісілер де соны ренжіп айтады.Сондай ұлы атамыз басын дұрыстап қарамайды.Балуан Шолақ атамыз бүкіл қазақ еліміздің мақтанышы ғой.
Көкшетауда өткен бір жиында 51 пұт,яғни 830 келідей кірдің тасын көтеріп дүйім жұртты таң қалдырған балуанның әрекетін күні бүгінге дейін ешбір адам қайталап көрмепті. Осыны айтып, атасының керемет күш иесі болғанына мақтанған тағы бір немересі оның нақты бейнесі әлі күнге дейін дұрыс сомдалмай жүргендігіне ренжулі.
Айбат Шолақова, балуанның немересі:
- Нақты атамыздың бейнесін сомдалып жақсы фильмдер түсірілсе.Көрінген шалдың фотографиясын кітаптарға шығарып жатыр. Өздері соны жазғанда, ,басқанда қарамай ма? Сондай алып адамға ұқсай ма? Кинода көрсетіп жатқандары, суретте көрсетіп жатқаны бір кемсіту сияқты, соған ренжимін.
Бурабай тауларындағы үңгір.Осы жерге патша үкіметінен қудалау көрген Балуан Шолақ атамыз жасырынса керек. Халқының бостандығы үшін күрескен ол бір губернатордың қызын осында жасырған деген де дерек бар. Бірақ оны біреу білсе, біреу білмейді.
Балуан атамыз қыспаққа түскенде әділдік іздеп үзеңгілестерін бостандыққа шығарып алу үшін осындай қадамға барған. Алайда үңгірдің сыртындағы шимай-шатпақтан басқа тарихи жерді көрсетіп тұрған нұсқаулық та жоқ. . Курортты аймаққа жан-жақтан келген туристер алып тастардың астында осындай тарих жатқанын қайдан білсін ...
Шенеуніктер бұл жұмыстың барлығын бірнеше жылдан бері жоспарлап келеді екен.
Ораз Смағұлов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:
- Биыл жоба-смета құжаттарын жасап жатыр.Алла жазса, жылдың аяғына дейін ол құжат шығуға тиіс.Бәлендей сома деп айта алмаймын, шыққаннан кейін белгілі болады. Ауданның қаражаты, дотация қаржысы болмауы да көп созылып кетті.
Облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының басшылары бұл кешен қорғалуға тиіс нысандар қатарына енбей қалғанын, енді ғана комиссияға ұсынатынын айтты. Балуан ұрпақтары енді жол мен жөндеуге қаражат табылғанша күте тұруына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!