Сапасыз құрылысты мектептің өзі жөндеп жатыр – Жаркент
Сапасыз құрылыстың салдарын мектептің өзі жөндейді. Алматы облысындағы Жаркент қаласында шу тудырған – қабырғасы жарылған Хамраев атындағы білім ордасын енді оқу орны өз ақшасына қалпына келтіретін болды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
21.07.2021
Бір миллиард теңге жұмсалған мектепті «АлматыКультбытСтрой» мердігер компаниясы 1 миллиардқа салып, 2017 жылы қолданысқа берген.
Ең қызығы, кепілдік мерзімі біткенін желеу еткен компания судан ақ, сүттен таза шығып отыр. Қабырғасы қақыраған мектепті тілшіміз көріп қайтты.
Видеоны түсірген құрылысшының өзі жаңа мектептің жағдайына таң. Алабажақ қабырғаларға алыстан көз түссе, кірпіш арасынан өсімдік тесіп шыққан ба дерсің.
2017 жылы қолданысқа берілген білім ордасында бір жылдан соң осындай жарықтар пайда бола бастаған. Мердігер «Алматыкультбытсрой» қайта сылағанмен бәрібір сыр берген.
Зенатбуви Баратова, Жаркент қаласы Хамраев атындағы орта мектептің директоры:
- 2019 жылы құрылыс компаниясы қайтадан келіп, өтініш бойынша жасап берді, бірақ ол тағы да сәйкес болмай шықты. Биыл өзіміз аудандық білім бөліміне сұраныс жасап, өз бюджетіміздегі үнемделген ақшамыздан 15 миллионға құрылыс материалын алып, ағымдағы жөндеу жұмысын бастадық.
Дауға себепкер «Алматыкультбытсрой» мердігер компаниясы жауапкершіліктен заң шеңберінде құтылып отыр. Үш жылдық кепілдік мерзімі біткен соң, «жөндеуді жүргіз» деп оларды жүктеуге ешкімнің құқығы жоқ екен. Ал сол үш жылдың ішінде жарылған қабырғаны қайта сылағанда жергілікті атқамінерлер қайда қараған деген ойда қаласың. Өйткені қабырғаның түсімен сәйкеспейтін алабажақ сылақ жұмысын осы қалпында қабылдаған. Енді, амал жоқ, өз қотырын өзі қасып, өз қаражатына жұмыс жүргізуге тура келеді.
Нұрбол Қанағат, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Мектептің құрылысын салып жату барысында қоғамдық кеңес мүшелері осы мектептің құрылысын тексерген. Соның негізінде қабырғадағы сылаққа көңілі толмайтынын жеткізген. Жұқа, қалыңдату жөнінде өтініш білдірген. Сол негізде шамалы мектеп қабырғаларына сылақтықалыңдату жүргізген. Бұл енді сол кездегі қоғамдық кеңес мүшелерінің өтініші бойынша.
Сылақты о баста белгіленген 4 см емес, 7 см етуге үгіттеген қоғамдық кеңестің кесірі құрылысқа тиюі мүмкін. Не дегенмен кінәліні іздеп жатқан ешкім жоқ. Мердігер компанияның ұпайы түгел. Тек салдарымен өз қаражатынан күресіп жатқан мектеп қана салы суға кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!