{metadescription}
179 адам КВИ жұқтырды, балалар арасында кесел кеулеп барады
179 адам КВИ жұқтырды, балалар арасында кесел кеулеп барады

179 адам КВИ жұқтырды, балалар арасында кесел кеулеп барады

Елімізде тағы 5 179 адам коронавирус жұқтырды. Осылайша күн сайын індетпен күресетіндердің саны 5 мыңдық межеден түспей тұр. Соңғы тәулікте Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандар 1300 адамға жуықтады. Атырау облысында антирекорд орнаса, Ақмола өңірінде балалар арасында кесел кеулеп барады.

Алматы тұрғындары Құрбан айт кезіндегі карантин талаптарын елең қылатын емес. Мейрам күндері қала ішінде мал сойып-сатуға тыйым салынғанымен, көше бойында жайбарақат қойын саудалағандар да бар. Тіпті соңғы төрт күн ішінде қалаға кіргізбек болған 600-ден астам мал басы кері қайтарылған.

Атырау облысында бір тәулікте 348 адам коронавирус жұқтырып антирекорд орнатты. Инфекциялық стационарларда 1000-нан аса адам емделіп  жатыр. 2400 науқас үй жағдайында дертіне дауа іздеуде. Қазір жансақтау бөлімінде дәрігерлер 65 науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.

Бүгінде «қызыл аймақтағы» мұнайлы өлкеде Ashyq жобасына қатысатын барлық нысанның қызметіне сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым  салынды. Тіпті ашық алаңдар мен саябақтағы жылжымалы ойын құралдарын жалға беретіндердің де қолы байланды. Сауда үйлері мен ойын сауық орталықтары, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары кешкі беске дейін ғана меймандарды күте алады.

Соңғы тәуілікте Теңіз кенішінде ауру жұқтырғандар саны күрт артты. Облыста індетке шалдыққан 348 науқастың 34-і Теңіз кенішіндегі скрининг нәтижесінде анықталды. Қазір кен орнындағы инфекциялық стационарда жүзден астам науқас ем қабылдап жатыр.

Рзабек Артығалиев, компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері:

- Күніне 2 мыңға жуық адамнан ПТР-тест аламыз. Барлығын жоспар бойынша қарап, анықтаймыз. Өсім байқалады. Себебі, қазір Теңіз басында 46 мыңнан астам адам бар. Толық жөндеу болады, соған да адамдар келіп жатыр.

Атырау облысында карантин шектеуі шараларының сақталуын қадағалайтын арнайы  партруль мен мониторинг топ тынбай жұмыс істеп жатыр. Алайда оған қарап жатқан тірі жан жоқ. Жұртшылық мейрамханалар мен тойханаларда тығылып думандатып жүр. Тіпті көшеде адам саны саябырсымай тұр. Облыстың бас санитары тұрғындар қарапайым ережелерге көнбесе, алдағы күндері тағы да қаулы бекітіп талапты күшейтеміз деп бекініп отыр.       

Ақмола облысында эпидемиология жағдайы ушығып барады. Короновирус жұқтырғандар саны 27 мыңға жуықтаған.Қазір «қызыл »  деңгейде тұрған өңірге сырттан келушілер вакцина алмаған жағдайда тек ПТР-тестің анықтамасымен ғана кіре алады.  Әсіресе індет екіқабат әйелдер мен 14 жасқа дейінгі балалар арасында өршіген.

Жыл басынан бері Көкшетаудағы жаңа модульді инфекция ауруханасында анасы коронавирус жұқтырған 61 сәби дүниеге келген. Қазірдің өзінде стационарда 42 екіқабат әйел жатыр екен.Сәби күтіп жүрген 800-ден аса келіншек  емделіп шыққан. Балалар арасында да  вирус өршіп тұр. Балалар ауруханасынан жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылып,тіпті тубдиспансерде кереуеттер әзірлеп қойған. Өйткені мамыр айында – 350, маусымда 74, ал шілде айында 279 бала індет жұқтырыпты.

Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:

- Балалар ауырып жатыр. 2017 жылы туған төрт жарым жастағы балақайдың жағдайы өте ауыр, тыныс алу аппаратына қосылған. Тағы екі  баланың денсаулығы алаңдатып отыр. Ата-аналар балаларын той-томалаққа алып барады, содан вирус жұқтырып алады.

Бас санитардың айтуынша, балалар көпшілік шараларға  барып жүрген жоқ. Өйткені, өңірде шектеу шаралары күшейтілген. Соған қарамастан той томалақ өткізіп, онда баласын ерте баратындар  осындай өкінішке ұрынуда. Бұл науқас балаларды зертеу барысында белгілі болған. Бірақ,ересектер оны мойындағысы келмейді.

«Қызыл» аймақтағы Алматыда эпидахуалдың бәсеңдейтін түрі жоқ. Соңғы тәулікте қаланың 710 тұрғынынан коронавирус анықталды. Ал шаһардағы инфекциялық стационарларда үш мыңнан астам науқас ем қабылдауға мәжбүр. Оның ішінде 212 бала бар.

Алматыда кей кезде күніне 15 мың адамға дейін вакцина салынса, соңғы тәулікте екпе алғандардың қатары 3 мыңға жетпейді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар вакцинация қарқынының күрт төмендеуін Құрбан айттың басталуымен байланыстырады.  Алайда бірер күн бұрын өңірлерде  вакцина жетіспеушілігін сөз еткен Президент Алматыда екпенің бірінші дозасы бойынша бір күндік мөлшері қалғанын айтқан еді. Десе де Алатау бөктерінде 212 вакцинация пункті қызу жұмыс істеп тұр деген мамандар ешқандай тапшылық жоқ дейді.

Аида Омарова,  №32 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

Бізде тапшы емес. Қазір 496 доза бар, бірінші компоненттен. Қалада тағы да бірінші компонент жеткізіледі. Бүгін- ертең таратылады.

Вакцина жырынан бөлек, алып шаһардағы карантин шараларын сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе Құрбан айт кезінде қатаңдаған тәртіп сол күйі тұр. Полиция мен ветеринарлар қалаға мал тиеген көлік кіргізбей, шет-шетін торуылдап жүр. Алайда қала ішінде мал сойып сатуға тыйым салынғанымен, көше бойында жайбарақат қой сатушылар ұсталып, оларға түсіндіру жүргізіліпті. Оған қоса соңғы төрт күнде қалаға құрбан шалуға әкеле жатқан 31 ірі қара, 571 ұсақ мал кері қайтарылған.

Дәл қазір қасиетті мереке күндері індеттің өршіп кетпеуі үшін дәрігерлермен бірге дін өкілдері де белсенді жұмыс істеуге көшкен. Осы күндері қонаққа бармауды, іс-шара ұйымдастырмауға шақырғандар қала тұрғындары жауапкершілік танытып, қауіпті инфекцияның таралуына тосқауыл қоюға тиіс дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде