Панфилов ауданының диқандарын 70 миллионға алдап кеткен
Сенімге кіріп, сан соқтырды. Алматы облысы Панфилов ауданының диқандары өсірген жүгерілерін сатып беремін деген адамға алданған. Қолхатпен өнімін алып кеткен пысықай ақшасын қайтармай жүр. 20-дан астам шаруа 70 млн теңге шығынға баттық деп шырылдайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.07.2021
Сорақысы кешегі күнге дейін жергілікті полиция бөлімі диқандардың арызын қабылдамай келген. Ал оларды алдап соққан адам әлі емін-еркін бостандықта жүр.
- Бұл былтыр жинағанымыздан қалғаны. Құс жеп, өйтіп-бүйтіп, өтпегеннен кейін үш-төрт күнде ақшамызды әкеліп беремін дегеннен кейін қарызға бердік.
Диқан Дархан даладағы жүгерісі ит-құсқа жем болмас үшін алыпсатардың сөзіне сеніп 6 миллонның дақылын тиеп берген. Енді үш айдан бері үш күнде берем деген ақшаны өңі түгілі, түсінде де көрмейді.
Дархан Нұрмұқаев, диқан:
- Бір жылғы еңбегімізді жеп кетті. Сенімге кірді. 3-4 «КамАЗ» алып кетеді, алып келеді, екі-үш күнде. Сөйтіп сенімге кірді. Соңғы келісінде сеніп қалдық. Содан жоқ болды.
Алмалы ауылында Дархандай бармағын шайнап қалған диқандар жиырмаға жуық. Бәрінің аузын аңқитып кеткен азаматтың аты жөні – Марубжан Абдуллааев дейді. Тіпті өтірігіне шындай сендіру үшін аудио-видео жіберіп, үнемі байланыста болған екен.
- Миллиондап, бес жүз мыңдап беріп, ақырындап алып неғып отырмын. Бәрін алып болайын, уайымдамаңдар.
Ералы Құтгелдиев, диқан:
- Алтынкөлге неге түседі, ақшаны аударады, әкеліп береміз деді. Содан жоқ болды, әне-міне, әне-міне, кейінгі кезде телефонын да алмай кетті.
Алмалы ауылындағы жұртшылық негізінен жүгерімен жан бағады. Ала жаздай егістікте еңбектеніп күзде жинайды. Табыстары тікелей осы өнімге тәуелді болғандықтан, алданған диқандар қазір тарығып тұр. Амал жоқ, қарызданып, қауғаланып осы жазда жүгеріні қайта екті. Бірақ ақшасын қайтармаса, онда бәрі де банкрот боламыз ба деп алаңдайды.
Алмалыға қоңсылас көрші ауылдар да Марубжанның қақпанына түсіпті. Тіпті онымен аттас тағы бір жігіт осындай жымысқы әрекетпен алдаған көрінеді.
Әшімжан Мамыров, диқан:
- Мен бір көлік кепілге қояйын деді. «КамАЗ» қоямын деді. Бес күннің ішінде ақшаңызды жеткізіп алып келіп, машинаны алып кетемін деді. Содан кейін осы күнге дейін жоқ. Бір айдай хабарласып жүрдік. Міне, ертең келем, бірсүгіні келем, ақша алып жатырмын деген менде дауысты жазбалары да бар.
Алданған диқандардың айтуынша, кешеге дейін арыздарын Панфилов аудандық полиция бөлімі қабылдамай келген. Тек телеарна келе жатқанын естігенде тәртіп сақшылары бір күн бұрын шұғыл арыз жаздыртты дейді. Жәбірлендік дегендер кезекті рет Жаркенттегі полиция бөлімшесіне барды. Бірақ өзін тергеу жөніндегі басшы орынбасармын деп таныстырған Дидар Базарбаев селсоқ жауап беріп, асығыс ішке кіріп кетті.
- Менің арызым қаралды ма?
- Қаралып жатыр. Ісіңіз сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды. Қылмыстық іс қозғалды. Алдыңғы күні алты адам келді ғой. Бәрін сұрап жатыр, бәрі жүріп жатыр, аға. Қорытындысын біз хабарлаймыз.
Діңкесі құрыған диқандардың ендігі тілеуі істің сағызша созылып, түлкі бұлаңға салынбауы. Күзге дейін 70 миллионы қайтарылмаса, онда 20-дан астам шаруаның еңбегі күйіп кетейін деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!