Әкім сайлауы: 2300-ге жуық кандидат саяси додаға түсті
Әкімдерді сайлау арқылы халықтың билікке деген ықпалы артады. Бүгінгі сайлауға қатысты саяси сарапшылар осындай баға берді. Ал депутаттар өзін-өзі басқару тетігі батыс пен Еуропада тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан біздің елге де оң өзгеріс әкеледі деп сендіріп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.07.2021
Оның үстіне халықты көп толғандыратыны ауыз су, жол, жарық, интернет сынды әлеумет мәселелері. Ендеше енді жұрт облыс басшылығы мен елордаға сұрау салмай-ақ, мәселенің шешімін өздері сайлаған әкімінен талап етуге мүмкіндігі бар. Сол арқылы ауыл халқы билікке әсер ете алады дейді сарапшылар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1-қыркүйекте «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы айтқан еді. Бүгін елімізде 700-ден аса елдімекенде 2300-ге жуық кандидат саяси додаға түсіп отыр. Осындай өзін-өзі басқару тетігі батыс әлемінде, Еуропада жақсы дамыған. Әрі ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып отыр. Сондықтан осы үрдіс біздің елге оң өзгеріс әкелуі тиіс.
Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:
- Саяси аренада жаңа азаматтар пайда болады. Біздің елде саяси плюрализм аспектілері жан-жақты дамитын болады. Және ең негізгі халық 30 жылдың ішінде ең бірінші рет өздерінің әкімін тікелей өзі сайлап алып отыр. Бұл Қазақстандағы қоғамдық процестердегі ең прогрессивті бағыт-бағдар деп айтуға барлық негіз бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!