Алматының элиталы ауданынының тұрғындары сасыққа тұншығып отыр
Жұрт сасық судан мезі болды. Алматының элиталы ауданында тұратын тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып отырмыз деп шу шығарды. Олар күндіз-түні үй маңындағы кәріз жүйесінен шыққан нәжіс суынан әбден зәрезап болған.
Автор: Салтанат Шырынхан
26.07.2021
Жұрттың жағдайы күн ысығалы тіпті қиындаған. Екі жыл бойы «тынысымыз тарылды» деген тұрғындардың талап-арызын тілшіміз тыңдап қайтты.
Mountain Drive элиталы тұрғын үй кешеніне қарашаның қоныстанғанына екі жылдың жүзі болған. Сол уақыттан бері бұқара жағымсыз иістен арыла алмай келеді. Төңіректен келетін қалдық судың қолаңса иісі күн ысыған сайын үдеп, тұрғындар терезе ашудан қалған.
Зәмзәгүл Қабдолдина, Алматы тұрғыны:
- Үйді сатып алған кезде қатты қуанып едік, таза ауа жұтамыз, серуендейміз деп. Ал қазір осы кәрізге бола сыртқа шығудан қалдық. Серуендей алмаймыз. Маса деген қаптап жүр. Тереземізді аша алмаймыз. Иісті өздеріңіз сезіп отырсыз. Сасық иіс.
Юлия Акулова, Алматы тұрғыны:
- Былтыр өз қалтамыздан қаражат шығарып масаның көзін жою үшін арнайы адамдарды жалдадық. Бірақ ол да көмектеспеді. Тек бір-екі апта ғана көзі жойылып, артынан қайта пайда болады. Балаларымыздың барлығын шағып тастады. Мынадай ыстықта қамалып отырмыз.
Кәріз жүйесінің батпаққа батып жататыны тұрғындарды әбден мезі еткен. Былтыр шалшық су болса, биыл ол көлшікке айнала бастаған. Жайлы тұрғын үйге келіп жайсыздыққа тап болғандар ғимаратқа кәріз жүйесі дұрыс жүргізілмеген деп отыр.
Айгүл Өтемісова, Тұрғын үй кешені меншік иелері бірлестігінің басшысы:
- Мұнда тұрғындар 2020 жылдың шілдесінде келіп орналасты. Кәріз жүйесі көрші ауладан аға бастады. Артынша табиғатты қорғау прокуратурасына, Бостандық ауданының әкімдігіне жүгіндім. Арнайы комиссия келіп тексерді. Дегенмен еш нәтиже шықпады. Кәріз жүйесіне мұндағы төрт қабатты пәтерлер ғана емес, жекеменшік үйлер мен коттедждер де құятын болса, не болады?
Тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген компания бүгінге дейін тұрғындармен бірде-бір рет байланысқа шықпаған. Ал атқамінерлер құрылыс кезінде кемшіліктер кеткенін растап отыр.
Әділет Әліпбеков, Бостандық ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Лас судың жер бетіне шығып жатыр. Бостандық аудандық полиция басқармасымен қызмет атқарушы мекемесіне Әкімшілік кодексінің 505-бабына сәйкес тиісті шара қолданды. Айыппұл салынды. Экология департаментінің тарапынан басқарушы компанияға аталған кемшілікті жоюға нұсқама берілді.
Әкімдіктегілер қолқаны қапқан иісті кетіру үшін тазалау жұмысы жүргізіледі деп уәде берді. Ал тұрғындар кәріз құбырын сапасыз жүргізген мердігерді сотқа бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!