Олимпиада: Зілтемірші Зүлфия Чиншанло қола медальға қол жеткізді
Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль қосылды. 55 келі салмақта зілтемір көтерген жерлесіміз Зүлфия Чиншанло үшінші орын иеленді. Қоссайыс қорытындысы бойынша спортшы 213 келіні бағындырды. Бұдан бұрын дзюдошы Елдос Сметов пен ауыр атлет Игорь Сон қола медаль еншілеген болатын.
Автор: Мақсат Мәлік
26.07.2021
Зүлфия Чиншанло жұлқа көтеру сайысында 90 келі салмақ бағындырғанда жүлденің ауылы алыс секілді көрінген. Серпе көтеру сынында жерлесіміз барын салғанымен алғашқы талпынысы есепке алынбай, көкейдегі күмән қалыңда түскен. Алайда екінші мәрте 123 келіні көтерген спортшы қола жүлдені қағып түсті.
Әзірге Қазақстан қоржынына қола медаль ғана жауып жатыр. Дзюдо күресінен бірінші тұғырдан көреміз деген Елдос Сметов те осыған дейін қоланы қанағат тұтқан. Игорь Сон есімді ауыр атлетіміз де үшінші орын иеленді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 294 келіні еңсерген зілтеміршінің жетістігі допинг дауынан біраз есеңгіреп қалған отандық ауыр атлетиканың бойына қан жүгірткендей әсерге бөледі.
Ал садақ атудан ерлер құрамасы командалық сайыста Үндістан мергендеріне есе жіберіп алды. Десе де үш спортшымыз жекелей сында өнер көрсетеді. Өкінішке қарай стенд атудан жерлестеріміз үшін Олимпиада ойындары аяқталды.
Алайда боксшылардың аяқ алысы жаман емес. Бүгін 52 келідегі Сәкен Бибосынов алғашқы жеңісіне қол жеткізсе, бұған дейін Серік Теміржанов пен Зәкір Сафиуллин қарсыластарынан басым түсті.
Ертең Елдос Сметов елге оралып, Олимпиаданың алғашқы жүлдесі Қазақстанға жетеді.
Қазақ спортшылары Токио Олимпиадасына 97 жолдама иеленген болатын. Пандемия кезінде кешігіп өтіп жатқан байрақты бәсекеде сақтық шаралары қатаң сақталған. Кейбір жарыс жүретін орындарға көрермендер кіргізілмейді. Өйткені қауіпті індет Олимпиадаға келгендердің арасынан анықталып жатыр. Соңғы тәулікте 16 адам коронавирус жұқтырыпты. Ал Олимпиада басталғалы 153 адам індетке шалдыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!