{metadescription}
Арыстағы жарылысқа қатысы барларға сот үкімі шықты
Арыстағы жарылысқа қатысы барларға сот үкімі шықты

Арыстағы жарылысқа қатысы барларға сот үкімі шықты

Арыстағы жарылысқа қатысы бар деп айыпталған 16 адамға сот үкімі шықты. Олардың алды 10 жыл арқаласа, тағы төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ал Арыс қаласының мың жарым тұрғыны жәбірленуші ретінде танылған.

Бірақ жабық есік жағдайында өткізілген сот үкіміне не сотталушылар, не жәбірленушілер риза емес.  

Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасынан шыққан жарылысқа қатысы бар деп танылғандарға үкім Шымкентте оқылды. Таңғы сағат он жарымда басталуы тиіс отырыс екі сағатқа кешіктіріліп басталды. Жабық есік жағдайында өткен сотқа тілшілер қатыстырылмады. Ал жәбірленушілер үкімге көңіліміз толмайды дейді. Себебі: мың жарым жәбірленушінің бірі үй-жайынан, кейбірі денсаулығынан айрылған. «Осы сот шығынымызды өтеп бере ме деп үш жыл күткенде, сан соғып қалдық», - дейді олар.

Айтбек Рысбек, Арыс қаласының тұрғыны:

- 70 миллионға денсаулығымды реттеймін деп бердім. 50 миллион денсаулығымды реттеймін, 20 миллион – моральдық өтемақы деп бердім.

Түзелбай Әшімов,  Арыс қаласының тұрғыны:

- Қазір азаматтық сотқа бер деп отыр, әскери сот қой.

- Нақты кімнен талап етесіз, Арыстағы әскери бөлімнен бе әлде қорғаныс министрлігінен бе?

- Қорғаныс министрлігінен. Е, бізге төлейді дедік қой, сөйтіп үш жылдан бері жүрміз.

400 томға арқау болған істі сот бір жылдан астам уақыт қараған. Мың жарым адам жәбірленуші ретінде өткен сотта 16 адамға айып тағылған. Бүгін судья олардың 12-не 4-10 жыл аралығында үкім кесті. Тағы төртеуі 4-7 жыл аралығында шартты мерзімге сотталды. Бірақ сотталушылардың ешқайсысы шешімге риза емес. Сондықтан қорғаушылары апелляцияға береміз деп отыр.

Бекжан Нұрмағанбет, адвокат:

- Ақты ақ, қараны қара деп белгілеу керек. Оны ешкім қолдан істеген жоқ. Оны бір Алла біледі, неден болғанын. Бірақ бәрі сауатты жігіттер.

- Жарылыс неден болғаны айтылған жоқ па?

- Дәлел жоқ қой, нақты, сараптаманы тексеру керек. Оны да мұқият тексермеген.

16 адамның сотталып кеткеніне жәбірленушілердің де көңілі толмайды. Олар шортандар құтылып, шабақтар жазаланды деп санайды.

- Бұл жоғарыдан келе жатқан жүйе, жәйлап-жәйлап осыған дейін жетті. Бұл балалар тек қызметін істеді. Ол бір жылғы, екі жылғы жиналған нәрсе емес. Ол 30, 40 жыл ма, 50 жыл ма, сондай нәрсе. Содан осы кезге келіп жарылған, ол балалар қалай кінәлі болады? Мен оларды кінәлі деп ойламаймын. Иә, бұл көпшілік пікірі.

2019 жылдың маусымында Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақталған қойма жарылып, төрт адам мерт болған. Арыс пен маңайдағы ауылдардан 40 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 8 мыңға жуық тұрғын үй зақымданды.

Жарылысқа айыпты делінгендер сотында не жәбірленушілер, не сотталушылар риза болған жоқ. Тілшілерді ішке кіргізуден бас тартқан судьяның өзі де ашық сұхбат беруден бас тартты. Бар білгеніміз енді әскери соттан қайыр күткен мың жарым жәбірленуші азаматтық сотқа шағым түсіруі керек, ал сотталғандар апелляцияға береміз деп бел буып отыр. Үш жылдан бері келе жатқан айғай-шу тағы жалғасады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде