Дүлей дауыл Изобильное ауылының астан-кестеңін шығарды
Ақмола облысында дүлей дауыл Изобильное ауылының әп-сәтте астан- кестеңін шығарды. Табиғаттың тосын мінезінен 30 үй шатырсыз қалды. Желдің күшті болғаны сонша, бәйтеректер түп тамырымен жұлынып, электр бағаналарын сұлатып тастаған. Абырой болғанда адамдар аман.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.07.2021
Алай-дүлей дауыл небәрі он он минутта ауылды көшіріп жібере жаздаған. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген Изобильное ауылының 500-ден аса тұрғыны жан сақтауға асығыпты. Жер үйлердің шатыры тарсылдап жан-жаққа ұшып, қора-қопсы қопарылып қалған. Табиғаттың тосын мінезінен мал-жан үркіп, құстар шулап, ауыл іші азан-қазан болған. Электр бағаналары құлап, сымдары үзілген. Түп-тамырымен жұлынған ағаштар көп-ақ. Бірнешеуі аулада тұрған жеңіл көліктерді де басып қалыпты. Осы кезде жаңбыр да төпелеп жауып өткен. Жел басылып тыныштық орнағанда далаға шыққан жұрт өз көзіне өзі сенбеді. Қатты жел тіпті 40 тонналық контейнерді айдалаға домалатып апарып тастапты.
Табиғаттың шалт мінезінен зардап шеккен 147 үй электр жарығынсыз отыр. Апат салдарын жоюға коммуналдық қызметпен бірге «Көкше-Энерго»компаниясының бригадалары да жұмылдырылды.
Қанат Доспаев, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Жел секундына 25-30 метрге жетті. 30 үймен бірге ауыл клубының да шатыры ұшып кетті. Жылу қазандығының төбе жабындысының 100 шаршы метрі жұлынып қалды. 17 электр бағанасы құлады. Степногор қаласы әкімдігінен арнайы комиссия құрылып, шыққан шығын есептеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!