Бір тәулікте 90 науқас көз жұмды – Аймақтардағы ахуал
Ауру айылын жимай тұр. Елімізде коронавирустан көз жұмғандардың антирекорды жаңарды. Соңғы тәулікте 90 адам қауіпті кеселдің құрбаны болды. Қазір елімізде 183 науқас ауруханада жасанды тыныс алу аппаратымен жатыр. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдердің арасында вирус өршіп тұр
Автор: Асқарбек Қазанғап, Жаңалық Ахаш, Айзат Тұрғынбекқызы, Айман Нұрмағанбет
26.07.2021
Қауіп сейілмесе де, жұрт тығылып той жасап, сауық салуды тияр емес.
COVID-19 ға қатысты аймақтардағы ахуал қандай?
Ақтөбе облысында эпидахуал шатқаяқтап тұр. Ауру көрсеткіші соңғы күндері өспесе, кемитін емес. Өткен тәулікте 255 адамнан вирус анықталды. Ал аймақта бір аптаның ішінде 16 науқас індеттен қайтыс болған. Ақ халаттылар ауруханда жатқандардың жағдайы ауыр деп алаңдаулы. Әсіресе вирус жұқтырған 40 жүкті әйел мен 15 бала мамандардың жіті бақылауында. Олардың жағдайы орташа ауыр. Дәрігерлер індетке шалдыққанда өздері үйде емделемін дейтіндер ауруын асқындырып алатынын айтады.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Маусым айында 4-5 адам өлді, қазір ай бітпей 16 адам қайтыс болды. Науқастар өте көп түсіп жатыр. Инфекциялық стационарларымыздың жүктемесі жоғарылап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастар өте көп.
Маңғыстау облысы да кеселдің алдында қауқарсыз. Бір күнде 258 адам коронавирус жұқтырып антирекорд орнады. Облыстың бас санитар дәрігері өткен апта карантин талабын қатаңдатқан қаулы шығарды. Қазір қалааралық автобус тасымалына тыйым салынса, жабық аквапарктың қызметі тоқтатылды. Сауда орталықтары, спорт залдар, кинотеатр, діни нысандар мен базарлардың демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Ал тамақтанатын орындарға тек кешкі сегізге дейін ғана баруға болады. Кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан онлайн жұмысқа көшкен.
Мәдина Рахметова, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бас маманы:
- Соңғы аптада 1500 жағдай тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырсақ, 194+-ға өсті. Коронавирус инфекциясының алдын алуға шақырамын. Бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қоғамдық орындарға бармай, той-томалақты тоқтата тұруды сұраймын.
Бір айдан бері «қызыл» аймақтың қақпанынан шыға алмай жатқан Ақмола облысында да жағдай қиын. 22 стационарлық аурухана 69 пайызға, ал Көкшетаудағы 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухана лық толған. Дерт әсіресе 14 жасқа дейінгі балаларды дендеп барады. Олардан бөлек, инфекциямен 71 жүкті әйелдің 42 сі ауруханада жатыр. «Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласынан толассыз ағылған туристер де індеттің өршуіне тікелей түрткі болып жатыр», - дейді эпидемиологтар.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:
- Мониторинг топтар жағдайды бақылағанымен, вирустан аса қаупі жоғары аймақ – Нұр-Сұлтан қаласынан келіп демалушылар көп. Бурабайда «Ашық» бағдарламасымен карантин талабын бұзған 50 адамның 29-ы елордадан келгендер. Демалыста локдауын жарияланды. Дегенмен туристер саябырсымаса, санитарлық бекеттер қойылуы да әбден мүмкін.
- Келініңіз ұнады ма? Ұнаса да, ұнамаса да осы енді.
Тойда алаңсыз сауық салған ағайынның жүрісіне қарап «Алматы аурудан ада ма?» деген ойда қаласың. Осы демалыста мониторинг топтар 18 мейрамхана мен ондаған бар, түнгі клубтарды сүзіп шықты. Шектеуге шекесінен қарайтындарға қатысты хаттама толтырылды. Жыл басынан бері карантин талабын бұзған 5 мыңға жуық нысан жауапқа тартылғанмен, заңнан именіп тартынғандар аз. Соңғы тәулікте Алматыда 1219 адамның вирус жұқтырғанын ескерсек, кеселдің өршуіне қоғам денсаулығына жауаппен қарамайтын осындай азаматтардың жөнсіз жүрісі себеп.
Коронавирустың әзір ауыздықталатын түрі жоқ. Бір тәулікте бірден 90 адамның бұл індеттен ажал құшу дерегі осыған дейін тіркелмеген. Жалпы бүгінге дейін 535 мың азамат коронавирусқа шалдықса, өкінішке қарай, оның ішінде бес жарым мың науқас бақилық болды. Эпидемиологтар дерт іргеден ауылын алыс салуы үшін вакцина салдыру керек екенін күнде айтып жатқанмен, оған құлақ аспай жатқандар жетерлік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!