Қаскелеңде жезөкшелер қонақ үйі мың адамның үрейін ұшырып отыр
Алматы облысында шағын ғана қонақүй мыңнан аса адамның үрейін ұшырып отыр. Қаскелең қаласының тұрғындары тәлтіректеген мастардың төбелесі мен айқай-шудан есік алдына шығудан қалдық дейді. Тіпті қонақүйді жезөкшелер мекендеп алған деп ашынғандар кімнен көмек сұрарын білмейді.
Автор: Мақсат Мәлік
27.07.2021
Ең сорақысы, соңғы уақытта қонақ үйде адам өлімі көбейген. Сол себепті тұрғындар бассыздықты тезірек тоқтатуды талап етеді.
Қаскелең қаласындағы шағын қонақүйдің дабырасы тұрғындарды тағы бір дүрлікітіріп тастады. Көпқабатты үйлердің ауласындағы ғимарат көптен бері көлденең көк аттының мекеніне айналыпты. Төңірек күнде айқай-шуға ұласып әп-сәтте төбелес басталса, түн ауа жиналатын жеңіл жүрісті қыздар таңға дейін тұрғындардың ұйқысын қашыратын көрінеді.
Жанар Қошмағанбетова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Біз осы қонақ үйден, шыны керек, осы ауланың тұрғындары шаршадық. -Мына жерде жеңіл жүрісті қыздар бар. Одан да біздің хабарымыз бар. Кеше оны Қарасай аудандық полиция бөліміне алып кетті. Соншама халық бар, балаларымыз бар қаншама. Мына жерде түнде де тыныштық жоқ.
Тұрғындарды тағы бір шошытқаны, кеше белгісіз ер адам қонақ үйдің екінші қабатынан құлап жан тапсырған. Жерге баспен түскен марқұм тіл тартпай кетіпті.
Қанды көріністен жүрегі шайлыққан үлкен-кіші есік алдына шығудан қорқып қалған. Ең сорақысы, тұрғындар кейінгі кезде бұл жерде бірнеше адам өлімі болғанын айтады.
Жанар Қошмағанбетова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Түстен кейін кешке таяу болды. Дәл кеше болды.
- Кеше адам терезеден құлап кеткен бе?
- Сондай деп айтып жатыр. Біз терезеге қарадық. Өзінен-өзі құлап кетті деген күмән жоқ. Терезенің бәрі қан-жоса. Өткен жылдың қыркүйек айында көшіп келгем, осы кезге дейін үш адамның өлігін шығарғанын өз көзіммен көрдім.
Алайда адам өлімінен соң ба, әйтеуір қонақ үйдің маңайы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Бейсауат жүрген адам көрінбейді. Кәсіпкермен тілдесуге де мүмкіндік тумады. Ал құзырлы орындарға шағымданып шаршағандар ғимарат иесімен талай рет келісімге келуге тырыстық дейді.
Надежда Мелкозерова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Талай рет қонақ үй иесіне шағымданып, бассыздықты тоқтатуды өтіндік. Сөзімізге құлақ аспақ түгілі, беті бүлк ететін емес. «Қайда барсаңдар онда барыңдар» дейтін ол әкімдікте таныстарым бар, қолдарыңнан ештеңе келмейді деп қысқа қайырады.
Ал тұрғындардың жиналып жатқанын естіген әкім лезде келіп жетті. Бұл мәселеден бұрыннан хабардармын деп сендірген шенеунік қол жинап, арыз жазғаннан басқа жол жоқ дейді.
Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:
- Сол арызға байланысты біз құқық қорғау органдарына, сотқа шағымданамыз. Қонақ үй бағытын өзгертуге сұраныс жасаймыз. Қажет болса сотқа дейін шағымданамыз.
«Халықтың базынасын аяқсыз қалдырмаймын» деп сендірген шенеунік сот арқылы жағдайды бірыңғайға келтіруге болады дейді. Бірақ бірнеше жылға созылған қонақ үй жырының қашан бітетіні әкімнің өзіне де беймәлім. Ал тезірек іргедегі жын-ойнақты тоқтатуды сұрағандар соңына дейін күреспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!