{metadescription}
Жаңа қала – Қосшының тұрғындары малын уайымдап отыр
Жаңа қала – Қосшының тұрғындары малын уайымдап отыр

Жаңа қала – Қосшының тұрғындары малын уайымдап отыр

Қазақстан картасында жаңа қала пайда болды. Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қалаға айналды. Бұл жаңалықты естіген тұрғындар бөркін аспанға атып, қуанып жатыр.

Дегенмен ауылда өмір сүріп үйренген ағайын өзін емес, малын уайымдауда. Қалада мал айдауға болмайтынын білетін қосшылық шаруалар төрт түліктің көзін құртуға жүрексініп отыр. Ал қала шетінде мал бағатын жер жоқ. Қосшыда жол, су, жарық секілді проблема шаш етектен.

Нұр-Сұлтан мен Қосшы ауылын қосу туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге соңғы нүкте қойып, Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесін берді. Елорда маңындағы ең үлкен қаланың қазіргі тыныс-тіршілігін көрмекке, халықтың жаңа өзгерістен не күтетінін білмекке жол тарттық.

Қосшы мен Нұр-Сұлтанның арасы 20 минуттай. Қазақстан картасында пайда болған жаңа қалаға келіп жеттік.

Қосшы тұрған жолдан ешқашан көлік үзілген емес. Облыстық маңызға ие трасса сайрап тұр. Ал қала ішіндегі жол соның кері. Мұнда әлі де асфальт салынуы тиіс көшелер бар. Халық жолдың азабын көктем мен күзде көреді. Күнде көлігін жөндеуден шаршағандар велосипедке көшкен.

Рамазан Шыбучикев, Қосшы қаласының тұрғыны:

- Көктемде жүре алмаймыз. Күзде жүре алмаймыз. Жол проблемасы бүкіл жерде. Бұрын мына көше болған жоқ, ана көше болды. Онда да жол салынбай тұр. Әкімдіктің қолында дым жоқ шығар, нашар жұмыс істейді.

Қосшыдағы пәтер бағасы астанадағыдай ұшып тұрған жоқ. Сол себепті жұрт осында жайлы өмір сүруге ағылады. Күннен-күнге халқының саны өсіп жатқан қалада көпқабатты үйлермен қоса, жер үйлер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған. Өкініштісі, жеке сектордағылар суды сатып алып ішеді. Түнде жарығы жоқ көшемен жүру қорқынышты. Жұрт жаңа өзгеріс жақсылық әкеледі деп сенеді.

- Жарық керек, көше қап-қараңғы.

- Қазір күн ұзақ. Күз келе жатыр, қыста 4-5-тің кезінде қараңғы. Күн ерте батады.

Су жоқ.  Ана жерден бері қарай жоқ. Дүкеннен су тасып ішеміз. Сатып аламыз.

- Жақсылық күтеміз. Басқа не күтесің енді?

Қосшының әкімі де бәрі жақсы болатынына кәміл сенеді. Өйткені қазына 66 миллиард теңге қомақты қаржы бөледі. Жұрт жұмсайтын ақшаның көбейгенін көріп, періштелер жолдан таймаса екен деп тілейді.

Ержан Жолымбетов, Қосшы қаласының әкімі:

- Бірінші кезекте, әрине. бюджет өзгереді. Ауылға бүгінде бөлінген қаржы 80 миллион теңгені құраса, енді қала мәртебесі өзгерді. Сәйкесінше, басқа бюджет қарастырылады.  Қосшының халқы тұрақты, олар қазір барлық қызметті Нұр-Сұлтанға барып алып жүр.

Ауылдың қала болғаны көпті қуантты. Алайда елордаға әрі-бері қатынап жұмыс істемейтін, мал ұстап, күнін көріп отырғандарға қиын болайын деп тұр. Себебі: қолда бар заңға сәйкес, көшелермен төрт түлік жүрмеуі тиіс. Шаруалар әкімдік тіпті қала шетінен мал бағатын жер бермейді деп налиды.

Қайдар Ахмедиянов, Қосшы қаласының тұрғыны:

- Бұл жаңалық мені қуантып тұрған жоқ. Менің уайымым: қолымда бағып отырған малым. Енді түрлі шектеу, тыйым пайда болады. Әкімдікке жер сұрап бірнеше рет бардым. Берген жоқ. Қосшыға қала мәртебесін бермей тұрып, шаруалармен бүкіл сұрақты, мәселені шешуге тиіс еді. Шенеуніктер бәрін керісінше істейді.

60 мың тұрғыны бар Қосшы Ақмола облысындағы үшінші қала болғандықтан, аймақ басшылығының бұл сұрақты шеше алатындай тәжірибесі бар. Шенеуніктер мал жайылсын, бірақ, қаладан шеткері жерде дейді.

Малғаждар Таткеев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

Ереже бар, мал ұстау жағынан. Қоғамдық орталық жерлерде жүруге болмайды. Бірақ қаланың шетінде мал ұстауға тыйым салынған жоқ. Қаланың ішіне кірмесе болды.

Қосшының бас жоспарын облыс былтыр бекіткен. Ал әкімін жаңадан жасақталатын депутаттар тағайындамақ. Өз прокуратурасы, соты, полициясы, жедел жәрдемі мен құтқарушылары болады. Алдағы бес жылда үш мектеп, екі балабақша бой көтереді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде