Шабындықты құрт басты – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысында құрт қаптап кетті. Тебен иненің көлеміндей болатын зиянкес шабындықтағы шөптен бастап, өсіп тұрған көкөністің түгін қалдырмай отап жатыр. Шаруалар оны улауға шамамыз жетпейді деп шағымданады.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.07.2021
Ал шенеуніктер былтырдан бері шалғын көбелекті улауға міндетті зиянкестер қатарынан алынып тастағанын айтады. Құрт қаптаған даланы
тілшіміз көріп қайтты.
Осыдан үш-төрт күн бұрын далалықты ақ көбелек қаптаған. Шаруалар бұрын соңды мұндайды көрмедік дейді. Артынша, бір күннен кейін ол құртқа айналып, жолындағы жасыл желекті жаппай отауға кірісіпті. Шаруалар зиянкестің шөп талғамай кеміретінін айтады.
Батырбек Шәуленов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұл құрт жусан болсын, шөп болсын, жаппай жағалай жеп келе жатыр. Қиын болды. Биылғы қуаңшылықта, шөп жоқта құрт бүкіл бау-бақшаны құртып, шығынға батырды.
Шаруалар шабындықтағы шөптен бөлек, ұсақ құрттар көкөністің де түгін қалдырмай жатқанын айтады. Бірер күнде пісіп, теріп аламыз деп отырған қарбыз, қауын, бұрыштар жарамсыз болып қалған.
Қазір облыстағы Қарғалы, Алға, Мәртөк және Әйтеке би аудандарының аумағында құрт өріп жүр. Әркім өз әлінше зиянкестерді улап әлек. Бірақ құрттың көзін құрту мүмкін болмай тұр. Сондықтан әкімдік дереу жәрдемдесепесе, малға азық болар қылтанақ та қалмайды деп налиды шаруалар.
Ерболат Жеткергенұлы, шаруа:
- Қолымыздан келгенше қолмен улап жатырмыз. Одан пайда жоқ. Бұны енді ортақ уламаса, қолға әл бермей барады.
Шенеуніктер шегірткеден өзгесін улауға құқығымыз жоқ деп отыр. Былтыр шалғын көбелек құртын ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер улауға міндетті зиянкестер қатарынан алып тастапты. Тек химикатқа кеткен шығынның жартысын ғана шаруаға өтей алатынын айтады.
Асылхан Әбтиев, Ақтөбе облысы ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Шалғын шатырқанаты деп аталады. Былтыр қолданыстағы ережеге өзгеріс енгізіліп, бұл зиянкес тізімінен алынып тасталды. Жалпы бұл құрттар бойынша ауыл шаруашылық құрылымдары улау керек. Сол уланғаннан кейін мемлекет тарапынан бұларға елу пайызға дейін субсидия беріледі.
Шалғын шатырқанаты нөсерлі жауыннан кейінгі аптап ыстықта шығады. Соңғы 10 жылда аймақта көрінбеді дейді мамандар. Енді құрт ұялап тастамай тұрғанда уламаса, далада бұл зиянкес кесірінен бір тал шөп қалмайын деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!