Ashyq-ты оқушылар мен студенттер де пайдалануы мүмкін
Ashyq жобасын енді оқушылар мен студенттер де пайдалануы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі балабақша, мектеп пен жоғары оқу орындарын жүйемен жұмыс істеуге міндеттемек. Ал екінші тамызға дейін еліміздің бес қаласындағы кәсіпкерлер Ashyq жобасына қосылуы тиіс.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.07.2021
Үлгермесе, шаруасы уақытша тоқтайды. Шенеуніктер бұл шара коронавирус жұқтыратындардың нөпірін азайтады деген сенімде.
Эпидемиологиялық ахуал күрделене түссе де, Ashyq жүйесі кәсіпке кәдімгідей көмек болып тұр. Бірақ мұндай көмекті пайдаланып жатқандар аз болған. Кешегі Үкіметтің қатаң шарасынан кейін, жүйеге қосылмағандар енді жанығып жатыр.
2-тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атыраудағы Ashyq жобасына қосылмаған барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі уақытша тоқтатылады. Бүгінде кәсіпкерлер палатасы күні-түні бизнесмендердің өтінішін колл-орталық, сайт арқылы қабылдап жатыр. Егер кәсіпкерлер жүйенің барлық талабын толықтай орындаса, жеңілдікке ие болмақ.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы:
- 2-тамыздан бастап бес қалада Ashyq бар кәсіпкерлерге кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Біз еңбегіне адал кәсіпкерлерді ынталандыруға тиіспіз. Сондықтан 9-тамыздан бастап Ashyq жүйесінде көшбасшылық танытқан кәсіпкерлерге түн ортасына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береміз.
Ал құрылыс, өнеркәсіптік кәсіпорындар, туристік компаниялар, гүл сататын дүкендер, фотосалон, нотариус, ломбард, ақша айырбастау пунктері, азық-түлік дүкендері, дәріханалар «Ашықсыз» да ашық. Қоғамдық тамақтану орындары тек жеткізу және алып кету форматында жұмыс істеуі керек.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Бүгінде халық тұрақты келетін, бірақ, тұрғындардың шамалы ғана бөлігіне қызмет көрсететін бизнес салалары бар. Оларға «Ашықты» орнату міндетті емес. Ал көп адамға қызмет көрсететіндер «Ашық» жүйесіне қосылуға тиіс.
Елорда базарлары «Ашық» жүйесін орната бастады. Барлығы емес, тек жабық базарлар ғана.
Нұрлан Нұрмағамбетов, сауда үйінің директоры:
- Біздің нысан кешеден бері «Ашық» жобасымен жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты барлық кіреберісте өткізу тәртібі жүйеге сай жасалған. Міне, екінші күн болды. Қазірге дейін үш «сары» дәрежелі, бір «қызыл» дәрежелі адам анықтадық. Біз осы арқылы үлкен сауда үйлерінде де «Ашық» жүйесімен жұмыс істеуге болатынын көрсеткіміз келеді.
Жобаға қосылмағандар шаруадан шеттетіледі, алайда оларға мемлекет ешбір қолдау көрсетпейді. Тіпті 42500 дегенді ойламай-ақ қойса да болады дейді шенеуніктер. Бүгінде жүйеге елімізде 22 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, алдағы күндері оның қатары әлеуметтік нысандармен де толықпақ. Оқушылар мен студенттер де мектеп пен университетке кіру үшін қосымшаны пайдалануы мүмкін.
«Ашықтан» жақында «көк» түс алынып тасталуы мүмкін. Ол үшін денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың саны межеге жеткенін күтеді. Тіпті жұмысты үдету үшін екпенің бірінші компонентін алғандарға «жасыл» мәртебе берілмекші. Қазір вакцинаның екі компонентін алғандар ғана «жасылмен» жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!