Олимпиадада алтын ала аламыз ба? Сарапшылар пікірі
Бабымыз да, бағымыз да шаппай жатыр ма? Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиададағы спортшылардың бірінің артынан бірі сүрініп жатқаны жанкүйерлер көңілін күпті қылды. Әсіресе әспеттеген боксшыларымыздың бірінші айналымнан-ақ ұшып кетуі көпшілікті күйіндіріп отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.07.2021
Олимпиадада алтын алуға мүмкіндігіміз бар ма? Спорт сарапшылары не дейді?
Тақым қысып, таңертен теледидарға телміргендер Бекзат Нұрдәулетовтің жекпе-жегін асыға күтті. Анығы, қарсыласын жұдырығымен жер иіскетіп, жанкүйерлердің жығылып бара жатқан көңілін көтерер деді. Әттең, 81 келіге дейінгі салмақта ол ресейлік Имам Хатаевқа 1/ 4 есебімен есесін жіберді. Кеше сенген боксшымыз Абылайхан Жүсіпов америкалық Деланте Джонсоннан ұпаймен оңбай ұтылды. 2004 жылдан бері «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 салмақта сүрініп, салымыз суға кетер деп ешкім ойламады.
Спорт сарапшысы Төребек Тәжиев Токиода тұқырып жатқан құраманың дайындығына қапа.
Төребек Тәжиев, спорт сарапшысы:
- Мұндай жағдай болған емес. Құрығанда ширек финал, жартылай финал дейді, соған жетіп жатушы едік. Бұл жолы болып жатқанын білмеймін. Бірінші айналымнан сүрініп кетіп жатырмыз. Бұл деген тарихта болмаған. Қалған спортшыларымыз да мәз болып жатқан жоқ. Елдостың ізін алып барған 4-5 жігітіміз, оның бәрі шығып кетіп жатыр, дзюдодан.
Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левитті екінші раундта испандық Эммануэл Рейс нокаутқа ұшырғанда тілімізді тістедік. 33 жастағы спортшының ендігі олимпиадаға қатыспасын ескерсек, спорттық мансабында мұндай дақ қалдыруы өзінен бұрын бізге масқара. Елдегі жанкүйерлердің көңілі күпті болып тұр.
- Бабында емес қой деймін. Дайындығы нашарлау болып тұр. Жүйелік тұрғыда қарау керек.
- Жеңіссіз болмай, жеңіліс те болады ғой енді. Болып тұрады ғой енді.
- Осы олимпиадада жолы болмай қалды. Дегенмен бәрі мықты.
- Былтыр өтетін Олимпиада. Бір жылдың ішінде спортшылар да біраз пішінінен шығып кеткен шығар ...
Бразилияда алтыннан алқа таққан Баландин бұл жолы құрығанда қолаға ілігер дедік. Болмады. Брасс әдісімен 200 метрге жүзудегі көрсеткіші Риодағы нәтижесінен төмен. 11-орынды місе тұтып, ол да жарысты жарты жолдан тоқтатты.
Әйтеуір бүгінгінің жақсы жаңалығы – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жартылай финалға шықты. Бұл қазақ теннисі үшін тарихи жаңалық. Ал қалған төрт боксшымыздың шаршы алаңда қалай атой саларын уақытында көреміз. Қазір Қазақстан құрамасы үш қоламен жалпы есепте 47-ші орында. Біздің алдымызды әзірге Моңғолия, Түркіменстан мен Өзбекстан орап кетті. Не де болса әліптің артын бағайық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!