КВИ ауруханалары мен жан сақтау бөлімдері науқасқа лық толған
Ковид-19 ауруханалары мен жан сақтау бөлімдерінде орын таусылуға шақ тұр. Елорда мен Шымкентте және Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстарында жағдай осындай. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елде коронавирустан емделіп жатқандар саны былтырға қарағанда екі есе артқан.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.07.2021
Былтыр маусым айында індетті күн сайын 2 мың адам жұқтырса, осы күндері ол үш еседен де асып түсіп, күніне 7 мыңға тарта науқас тіркеліп жатыр. Ал өткен маусым айына қарағанда күнделікті жаңа анықталатын науқас саны 5 еседен де асып кеткен. Министрдің сөзіне қарағанда қазір елде 90 мың адам ауырып жатыр. Оның 25 мыңы ауруханаларда жатса, 65 мыңы амбулаториялық ем қабылдап жүр. Мыңға тарта адам өкпені жасанды желдету аппаратына таңылған. Жағдай тым ушығып бара жатқан соң, елдегі ковид ауруханалары төсектерінің саны бір жарым есеге дейін арттырылды. Қазір елде инфекциялық ауруханалар төсегі 53 пайызға, жан сақтау бөлімдері 43 пайызға толған. Өкініштісі, ауруханаға түсіп жатқандардың барлығы вакцина салдырмаған.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінде 8 миллион 600 мың доза салынды. Оның ішінде бірінші бөлігі 5 миллион 200 мың. Ол вакцина алуы тиіс халық санының жартысынан асады. Екінші бөлігін салдырғандары 3 миллион 400 мыңнан астам. Айта кетерлігі, ауырып жатқандардың 99,9 пайызы вакцина салдырмағандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!