{metadescription}
Елордада паркингті үйге айналдырып сатып жіберген
Елордада паркингті үйге айналдырып сатып жіберген

Елордада паркингті үйге айналдырып сатып жіберген

Елордада құрылыс компаниясы паркингті үйге айналдырып сатқан. Алты қабатты ғимаратты бастапқы құрылыс жоспарында автокөлік тұрағы ретінде көрсетілген. Алайда ішін түгел пәтер ретінде әрлеп, тұрғындарға ерте бастан сатып жіберген. Жұрт алданып қалғанын кейін құжатын жасайтын кезде бір-ақ біліпті.

Біле сала қала басшылығы мен полицияға арыз түсірген. Бірақ әкімдік бұған мемлекеттің қатысы жоқ деп басын ала қашуда. Ал полиция қылмыстық іс қозғағанымен, былтырдан бері нәтиже жоқ. Елордалық тілшіміз паркинг тұрғындарымен тілдесіп келді.

Бұл ғимарат әуелде екі қапталдағы тұрғын үйдің көліктерін қоятын орны болуы тиіс еді. Құрылыс жоспарында солай көрсетілген. Бірақ құрылысшылар қабырғасы қаланып жатқан сәтте ішін үй ретінде жасап жұртқа сатып жіберген. Үй емес, паркингте тұрып жатқанына тұрғындардың дәлелі жетерлік. Қалай болса солай салынғаны кіреберістегі лифтіден-ақ көрінеді. Жап-жаңа үйдің лифтісін құрылыс тақтайымен қалқалап қойған. Оның іші толған қоқыс. Лифт істемейді. Өйткені ішіне кабинасы орнатылмаған. Істеген күннің өзінде оған мінуге қорқады. Тұрғындар әзірге бала-шағасын арқалап баспалдақпен амалдап жүр.

Айжан Маникеева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Қиын. сол үшін далаға көп шықпауға тырысамыз. Балаларды бір рет далаға шығарып келеміз. Шықпасақ, шықпай қалады. Сосын күнделікті дүкенге барып келу үшін үлкен баламен қалдырып кетемін. Есіктері де кішкентай. Қорқынышты. Қосылған уақытта да қорқамыз. Балаларым үшін қорқам.

Үйдің кіреберісінен пәтер есігіне жеткенше бірнеше бұрылыс жасауға тура келеді. Осының өзі де о баста паркинг екеніне тағы бір дәлел. Дәліздің өзінде электр желілері  әр жерден салбырап сол күйі қалған.

Айнұр Рахадинова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мына қабырғаның арқасында, мына жерде, мына есіктің арқасында бойлері  бар есептегіш құралы тұрған. Ал мына қабырғаның арқасында пәтер жоқ. Яғни, осыдан кеткен. 9-подъезге қарай паркинг кеткен. Енді осының салдарынан бірінші қабат ешқандай жылумен жабдықталмаған, еденіміз. Соның кесірінен бірінші қабаттан суық өтеді.

Сыртқы көрінісінің де оңған түрі жоқ. Баспанаға ұқсамайтыны терезелерінің оғаш орналасуынан-ақ көрініп тұр. Үйдің іргесі есік алдындағы тротуардан әлдеқайда төмен. Айналасы абаттандырылмай, құрылыс қалдықтары сол күйі қалған.

Тұрғындардың айтуынша, құрылысшылар әуелде бұл жерде балаларға арналған футбол алаңы болады деп уәде еткен. Ол қоқыс алаңына айналған. Үйдің өзін жырғап бітпей жатқанда балалардың ойын алаңын талап етудің өзі ақылға сыймайтын шығар. Есесіне бұл жерде қоқысқа жиналған көртышқандар қаптап жүр.

Олардың үй маңында сайрандап жүргенін тұрғындар телефондарына түсіріп те алған. Бақылаушы органдар да екі жыл бұрын тексеру жүргізіп кем-кетіктің бәрін жіпке тізіпті. Бірақ ол уақытында түзетілмеген. Осы бассыздығы үшін компания лицензиясынан да айрылыпты. Қазір олардың ісі сотта қаралып жатыр. Бірақ сергелдеңге түскен тұрғындарға бұл көңілге медеу болмай тұр. Себебі: әкімдік те осыдан артық әрекет ете алмайды.

Дәулет Досқұлов, Нұр-Сұлтан қаласы қаласы орта сапа және бақылау басқармасының басшысы:

- Қазір тоқтатып қойдық. Құрылыс компаниясы бұл мәселені қалай шешетінін бізге көрсетуі тиіс. Дегенмен бұл жекеменшік жоба. Мемлекеттің оған еш қатысы жоқ. Мемлекет өз тарапынан барлық шараны жасады. Тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тарттырды.

Компанияның үстінен 70-тен аса адам полицияға арыз түсіріп, ірі көлемдегі алаяқтық бабымен қылмыстық іс те ашылыпты. Бірақ оған құрылысшылардың пысқырып жатқаны шамалы сияқты. Есесіне, 100-ден аса пәтер тұрғындары не құжатсыз, не тіркеусіз салынып бітпеген паркингте тұрып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде