Антальядағы орман өртін сөндіре алмай жатыр
Түркияның Анталья қаласында орман өрті әлі сөндірілген жоқ. Жағдайды бақылауға алған жергілікті билік отты ауыздықтауға бар күшін жұмылдырған. Құтқарушылар өртті Анталья - Аланья тас жолындағы жанар-жағармай құю бекеттеріне жеткізбеуге тырысып бағуда. Тілсіз жаудан үш адам қаза тапты, 53 адам зардап шекті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.07.2021
Қазір курортық қаланы түтін басқан, аспанда қара түнек. Жергілікті билік алапат өрт жағажайда демалушыларға еш қауіп туғызбайтынын айтады. Ал жақын күндері Антальяға баратын қазақстандық туристердің ешбірі турынан бас тартпаған. Сол жақта жүрген 11 мыңнан аса отандасымыздың ешбірі консулдықтан көмек сұрап келмепті.
Өрт сәрсенбі күні туристер көп баратын Антальяның Манавгат ауданынан басталған. Ыстық ауа райы, қатты желдің кесірінен қызыл жалын кейін бірнеше жерде үдей түскен. Әлі де табиғаттың тосын мінезі өртті одан сайын ушықтырып жатыр. Шарпыған от тұрғын үйлерге шапқан. 18 ауыл мен елдімекеннің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Өндірістік ғимараттар, жылыжай мен басқа да ауыл шаруашылық нысандары қас-қағым сәтте күлге айналды. Төрт түлік жанып кеткен. Жалынға оранған орманның аумағы он гектардан асады.
Дмитрий Никитин, турист:
- Кейбір адамдар өрттен кейінгі өте ыстық ауа райынан кейін тыныс алуы қиындағанын айтуда. Ауада күл мен тозаң ұшып жүр. Киім-кешек, дүниелеріміздің бәрін бүлдірді. Өртті сөндірумен арпалысып жатқан тікұшақтардың дауысы қатты естіледі. Туристер түк болмағандай демалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!