Ақтөбе облысының тұрғындары биліктен көмек сұрап отыр
Ақтөбе облысының тұрғындары шабындық құртынан құтылуға биліктен көмек сұрап отыр. Үйірімен өрмелеп жүретін зиянкес ауылдағы үйлерді басып алған. Апта бойы жұлдызқұртпен алысқан ауылдағылар баспанамыздан безгіміз кеткіміз келеді деп ашынып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.07.2021
Меңтай Мұқанғалиева, Ақшат ауылының тұрғыны:
- Үйде тұрғымыз келмей кетті, шынын айтқанда. Кіріп-шыққан сайын өзімізбен бірге кіріп жатыр, құрт арасынан орын тауып ішке де кіріп жатыр. Іштегісін іштей өлтіріп жатырмыз, сырттағысын сырып өлтіріп жатырмыз. Соның өзінде бітпейді.
Тұрғындар құрт қаптаған үйлерін неше түрлі химиялық қоспамен улапты. Бірақ оған қырылып жатқан зиянкес жоқ. Тек қазандағы қайнап тұрған суды шашып өлтіреді екен. Далалықтан бастап, үй ішіне дейін тараған шабындық құртты жоюға жергілікті биліктен көмек те сұраған. Бірақ әкімдіктегілер құрт-құмырсаны улау құзырымызға кірмейді деп қайтарды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті биліктің өтірігін ашып берді.
Елімізде зиянкестермен күреске қазынадан 32 миллиард теңге бөлінсе, Ақтөбе облысына оның 584 миллион теңгесі тиесілі. Шаруалар батқан шығындарының 50 пайызын субсидиямен қайтарып алады. Қазір өңірдегі 3 мың гектар жерге жүргізіліп жатқан зерттеу аяқталуға жақын. Содан соң тағы 7 мың гектар аумақ зерттелмек.
Марс Алмабек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:
- Қазіргі таңда химиялық өңдеу жұмыс, қауіпті зиян организмдер ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өз есебінен жүргізіледі. Бірақ шығынға 50 пайыз кеткен пестицидтерге субсидия беріледі Үкімет есебінен. Сондықтан Ақтөбедегі жағдай бойынша шаруалар химиялық өңдеуді өздері жүргізуі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!