{metadescription}
COVID-9: 97 адам көз жұмды, 300 сырқаттың жағдайы өте ауыр
COVID-9: 97 адам көз жұмды, 300 сырқаттың жағдайы өте ауыр

COVID-9: 97 адам көз жұмды, 300 сырқаттың жағдайы өте ауыр

Елімізде коронавирус жұқтырғандар тізімінде тағы антирекорд. Соңғы тәулікте 7 жарым мыңға жуық жерлесімізден Ковид-19 анықталған. Қауіпті індет тағы 97 отандасымыздың өмірін жалмады. Қазір аймақтарда карантин талаптары қайта қаралып күшейтіліп жатыр.

Ақтөбе облысында алдағы демалыс күндері базар, сауда үйлері мен тамақтану орындары жұмыс істемейді.

Маңғыстау облысында карантин талабына құлақ аспайтындар той-садақа жасауды тоқтататын емес. Алматылық мамандар  вакциналаудың баяулығынан жағдайды тұрақтауға шамамыз жетпей жатыр деп ашығын айтты.

Ақтөбе облысында соңғы күндері қауіпті індет өршіп барады. Сол себепті дерті асқынғандарға 300 кереуеті бар қосымша орын ашылды. Қазір бұл жақта 740 адам ем алып жатыр. 64 науқастың хәлі тым ауыр. Соңғы бір апта ішінде 17 адам коронавирустан қайтқан. Санитар мамандар карантинді күшейтуден басқа амал жоқ дейді. Сондықтан демалыс күндері қоғамдық көлік қатынасы тоқтайды. Базардан бастап сауда үйлері мен тамақтану орындарының есігіне құлып салынады. Облыста тек азық-түлік дүкендері мен дәріхана жұмыс істейді.

Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:

- Ақтөбе облысы осы күнге дейін «қызыл» аймақта. Сондықтан шектеу шараларын күшейтуге бүгін тағы да қаулы шықты. Ол қаулы 2-тамыздан бастап күшіне енеді.

Маңғыстау облысында да эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге кері кетуде. Өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны төрт есеге өсіпті. Үш күнде 35 адам вирустан көз жұмды. Аймақта  карантин талаптары қатаңдағанымен,  оған құлақ асатындар шамалы. Өйткені тығылып той-садақа жасайтындар тыйылмай тұр дейді шарасыз мамандар. Осы орайда тексеру шараларын күшейтуді тапсырған облыс әкімі қарамағындағы шенеуніктерге адам жиналатын жерлерді қатаң қадағалау керек деді.   

Серікбай  Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Тойға бармағаннан, садақаға бармағаннан адам өлмейді. Ал сол жерден бірдеңе жұқтырса содан өледі. Міне, бүгіннен бастап, түгел той, садақаны тоқтатыңыздар. Елдің амандығы, әркімнің өмірі қымбат.  Біреудің өмірін сақтап қалуға біз үлес қосамыз. Бір адамның болса да.

Ал коронавирустың төртініші толқыны Алматы қаласының тынысын тарылтып тұр. Шаһарда өткен тәулікте  мың 450 тұрғыннан қауіпті кесел анықталды. Инфекциялық стационарларда жүктеме күшейген. Әсіресе Алатау бөктерінде «Дельта» штамының қарқыны қатты дейді мамандар. Бас санитар дәрігердің сөзінше, қалада күніне 8 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін алғанымен, жағдайды тұрақтандыруға бұл көрсеткіш аз.  

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:

Төртінші толқынға кіргеннен кейін қаламызда эпидемиологиялық ахуал күрделеніп бара жатыр. Соңғы аптаны алдыңғы аптамен салыстырғанда жағдайлардың тіркелуі 1,4 есеге көбейді.Бес  мың 790 жағдайдан 8 мың 393 жағдайға дейін өсті.

Жекелеген аймақтар тұрмақ елдегі жалпы ахуал оңып тұрған жоқ. Күн сайын антирекорд орнап, науқастар саны күрт көбейіп жатыр. Өткен тәулікте 7 мың 479 жерлесіміз қауіпті кеселдің құрығына ілігіпті. Пандемия басталғаны мұндай тізімді көрмегенбіз. Ал бір күнде Ковид-19 бен коронавирус пневмониясынан 97 отандасымыз жан тапсырды. 300-ден астам сырқатттың жағдайы аса ауыр болса, 154 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде