Шымкентте Мирас университетінің түлектері сан соғып қалды
Шымкентте лицензиясынан айрылып қалған жоғары оқу орнының студенттері дипломын ала алмай жүр. Мирас университетінің магистратурасын бітіргендер дипломын шілденің 15-не дейін түгел алу керек екен.
Автор: Бек Әбиев
30.07.2021
Бірақ диплом бермек түгілі, жағдайды түсіндірмеді деген түлектердің бір тобы бүгін оқу орнының алдында басшылардан жауап сұрады. «Екі жыл бойы ақша жинаудан көз ашпадық» деген олар дипломын тез арада берілуін талап етті.
Магистратураны екі жыл оқып, енді соның жемісін көрем, яғни диплом аламыз деген Мирас университетінің түлектері сан соғып қалды. Шілде айының басында білім министрлігі университетті лицензиясынан айырған. Онсыз да қит етсе ақша жинап келген оқу ордасының оқыту құқынан айырылғаны туралы магистранттар бірер күн бұрын кездейсоқ біліпті. Түлектер қиындық туралы басшылықтың тіпті ескертпегеніне наразы.
Нұрғайша Достаева, магистрант:
- Біз басқа оқу орнына ауысып, басқа жерден магистратура дипломын алуға мүмкіндігіміз болар еді. Қазір 176 магистрант түлектер қиналып қалды.
Тәжірибе жинақтау, дипломды қорғау, сессия, рейтинг, диссертация, силлабус – бәрі ақылы болды. Бұл жерде қарап тұрсаң. Мирас-пирамида болып жатыр, білім беру пирамидасы.
«Мирас-пирамида» аталып кеткен, жылдық оқу ақысы 214 мың теңге болғанымен, шын мәнінде «әлдеқайда көп ақша төледік» деген магистранттар енді не істерін білмейді. Басқа оқу орындары шілденің ортасына дейін диплом алып қойғанын айтқан олар енді магистратураны тәмамдағаны туралы құжат қолымызға тимесе, жұмысымызда қиындық болады деп налиды.
Камалбек Махмудов, магистрант:
- Жұмысқа кіре алмай жатырмыз. Мысалы, жоғары білім керек, оған қосымша төленеді. Ақша төленеді магистратура дипломымымен бірге. Біз қыркүйекте жұмысқа кіруіміз керек Диплом болмаса, қаламыз осылай.
Ал университет басшылығы қазір лицензиясын сот арқылы қайтарып алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз дейді. Яғни сотта жеңсе, студенттер дипломды «Мирастан» алады, жеңілсе, өзге университеттерден берілуі тиіс.
Ақмарал Даниярова, Мирас университетінің вице-президенті:
- 5-тамызда болатын апелляциялық сотқа дайындалып жатырмыз. Егер сот біздің пайдамызға шешілсе, дипломды тамыздың соңына дейін өзіміз беретін боламыз. Егер лицезиямыз қайтпаса, онда түлектер дипломдарын мамандығы бойынша бізбен серіктес үш университеттен алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!