Бүлдіршіндер арасында КВИ жұқтырғандар көбейген
Елімізде бір тәулікте коронавирустан көз жұмғандар саны 100 адамнан асты. Осылайша індеттен қаза тапқандар мен вирус жұқтырғандар тізімінде күн сайын антирекорд жаңаруда. Өткен тәулікте мың 778 жерлесімізден Ковид-19 анықталды.
Автор: Мақсат Мәлік, Жаңалық Ахаш, Ұлан Нұрахмет
30.07.2021
Өңірлерде карантин шаралар қатаңдағанымен әзірге нәтиже беретін емес. «Бұған той-томалақты тыймай жатқан тұрғындар мен бетпердесіз жүргендер себеп», - дейді санитар мамандар.
Ақтөбе облысында вирус жұқтырғандар күннен-күнге көбейіп барады. Соңғы тәулікте аймақта тіпті антирекорд тіркелді. Былтырдан бері вирус анықталғандар саны бір тәулікте 300-ге жетпеген еді. Бүгін 302 адам қауіпті індетке шалдыққан.
Коронавирус анықталған науқастардың барлығынан сырқат нышандары байқалады. Бұрынғыдай симптомсыз, тек тест сынамасы арқылы вирус жұқтырғаны белгілі болғандардың саны азайған. Онымен қоса адамдар ауруын асқындырып, дәрігерге қаралмай үйден ем алады. Соның кесірінен ауыр халде ауруханаға жеткізілгендер көп.
«Вирустың «Дельта» штамы жас талғамайды», - дейді дәрігерлер. Қазір Ақтөбе облысында қауіпті індетті 236 бала жұқтырған. Арасында екі айлық сәби бар. Соңғы он күнде аталмыш індеттен 19 ақтөбелік бақилық болды.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Науқастардың өлімінің себебіне келетін болсақ, вирустың «Дельта» штамы ауруды тез қоздырады. Індетті жұқтырғандар дер уақытында дәрігерге қаралмайды. Қайтыс болғандардың арасында жастар да бар. Күні кеше қырық жастағы келіншек ауруын асқындырып алып ауруханаға жеткізген соң қайтыс болды.
Індеттің таралуын тоқтату үшін санитар мамандар тыйымды күшейтіп жатыр. Өткен аптадан бері демалыс күндері қоғамдық көлік қатынамайтын болды. Енді базардан бастап сауда орндары, монша мен шаштараз, дәмхана, кафелерге дейін сенбі-жексенбіде жабық болады. Тек азық түлік сататын дүкендер мен дәріханаға жұмыс істеуге рұқсат.
Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері азық-түлік сатпайтын сауда орындары мен мекемелерге келушілер санын 30 пайыздан асырмау туралы қауыл қабылдаған. Олардың демалыс күндері жұмыс кестесі де қысқартылған. Алайда 21-шілдеден 3-тамызға дейін күшейтілген шектеу шаралары инфекцияның таралуын алдына алуына септігін тигізбеді. Сөйтіп аймақта бір тәуілікте індетке 298 адам шалдыққан.
Қанат Тұрдиев ШҚО бас санитар дәрігері:
- Біздің тарапымыздан талап етіліп отыратын қоғамдық арақашықтық пен бетперде талабының облыс тұрғындарымен орындалмауы. Тұрғындар қоғамдық орында, қоғамдық көлікте, таксилерде бетперде киюді мүлдем қойды.
Енді 3-тамыздан 16-тамызға дейін карантин қайта күшейтілді. Дегенмен жаңа қаулыға сәйкес, мекемелер тойханалар және кафелер мен клубтардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Әйтсе де келушілер санын 50 және 30 пайыздан асырмауы тиіс. Осылайша ешқандай мекеменің қызмет істеуіне тыйым салынған жоқ. Бірақ санитарлық талап қатаң сақталуы қажет.
Коронавирустың төртінші толқыны Алматы қаласын әлі талай әлекке салатын түрі бар. Оған қоса мамандардың шаһардағы эпидахуал тамыз айының ортасы мен қыркүйектің басында ғана оңалады деген болжамы шындыққа жанасатындай. Өйткені соңғы тәулікте тізімде Алматы өзгелерден көш бастап, мың 680 тұрғыннан Ковид-19 анықталды.
Қазір қаладағы ауруханаларда емделіп шыққандардан гөрі, дерті асқынып түсіп жатқандар көп. Өткен тәулікте 392 адам құлан-таза айығып үйіне қайтса, 456 адам аурухана төсегіне таңылған. Ал жалпы саны 4 мыңнан астам науқас инфекциялық стационарларда емделіп жатыр. Олардың арасында 215 бала бар.
Ең қиыны, күннен-күнге ауру жасарып барады. Әсіресе 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында вирус жұқтырғандар көбейген, саны індет жұқтырғандардың 3 пайызына тең.
Елімізде тәуліктік есеп бойынша күн сайын антирекорд жаңаруда. Соңғы тәулікте 7 мың 778 адам коронавирус жұқтырыпты. Өкінішке қарай, қауіпті кеселеден көз жұмғандардың қатары бірінші рет 100 адамнан асып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!