{metadescription}
Еліміздің бес қаласында жаңа шектеулер күшіне енді
Еліміздің бес қаласында жаңа шектеулер күшіне енді

Еліміздің бес қаласында жаңа шектеулер күшіне енді

Эпидахуалдың ушығуына байланысты бүгіннен бастап еліміздің бес қаласында жаңа шектеулер күшіне енді – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалалары. Бірақ жаңа ережелер қабылданғанымен, талап кей жерлерде қағаз жүзінде қалып отыр. Мәселен, Ashyq қосымшасымен жұмыс істейтіндер ғимаратқа адамдарды тексерусіз де кіргізе береді.  

Әсіресе демалыс күндері тұрғындардың тәртіпке бағынуы қиындай түскен. Ойын-сауық ұнататындар жағдайды одан бетер ушықтыруда. Карантинді бұзғанына қарамай, әлеуметтік желінің тікелей эфирінде еш шімірікпестен караокеде ән айтып көңіл көтерген бикештер мониторинг тобының назарына іліккен. Сауық құрғандардың қайда отырғанын оп-оңай білген тексерушілер ресто-барға барса, бетперде киіп, санитарлық талап  сақтаған бірде-бір адамды көрмепті.

«Той десе, қу бас та домалайды». Карантин екенін біле тұра, 150, 200 адам жинап той жасағандар да мобильді топтың қармағына түсті. Топ мүшелері кіріп келгенде мейрамханада той қызып жатқан. Енді шектеулерді бұзғаны үшін жазаны қыдырғандар емес, сол мекеме иесі тартады. Демалыс күндері мобильді топ 155 кәсіпкерлік нысанын тексеріп 40 карантин бұзушыны анықтаған.

Бекарыс Алмағанбетов, Алматы ауданы әкімдігінің қызметкері:

- Бүгінгі күні полиция басқармасымен әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен мобильдік топ «Сова» караоке бары және Жирентаев көшесі бойындағы «Понаехали» бары, триатлон паркіндегі бір аттракцион карантин режімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Бизнес нысандарға да, халыққа да «карантинді сақтайық» деп айта-айта жағы талған Үкімет бүгіннен бастап талапты одан сайын күшейтті. Енді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Қарағандыдағы Ashyq қосымшасын қолданбайтын кәсіпкерлер мүлдем жұмыс істей алмайды.

Сол міндетті орындап тыныш отырайық дегендердің арасында талапқа міз бақпайтындар жетерлік. Қарағандының орталық базары Ashyq-сыз да ашық. Базар әкімшілігі есіне түскен кезде келушілердің тексерілуін сұрайды. Ал тұрғындарға бұл жүйе мүлдем ұнамайды.

Гүлнар Жұмәділова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Ashyq қосымшасының болғаны маған ұнамайды. Бұрынғыдай кіріп-шығып жүргенімізді қалаймын. Мен қай секундта, қай жерге кірдім, не істедім, не қойдым. Автобустың ішінде қанша шаршы метр дейсіз? Соған 30 шақты адам мінеді, одан көп болмаса, ал мында кіруге болмайды. Қалай түсінуге болады?

Негізі , жобаға қатысатындар қызметін адал атқаруы тиіс. Егер бәрі талапқа сай болса, Кәсіпкерлер палатасы жұмыс уақытын созады. Мәселен, дүйсенбі-жұма аралығында 20.00-ге дейін Ashyq-пен жұмыс істейтіндер 9-тамыздан кейін сағат түнгі 12:00-ге дейін келушілерге қызмет көрсете алады.

Сенбі, жексенбіде бес қалада толық локдаун. Ashyq-ты қолданатын нысандардың есігі жабық болады. Қоғамдық көлік тоқтатылады. Шенеуніктер қатаң карантин шектеулері коронавирустың таралуын тежеп, науқас санын азайтады деген сенімде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде