{metadescription}
COVID-19: Стационарларда төсек-орын жетпей, өкпесі қысылып түсіп жатыр
COVID-19: Стационарларда төсек-орын жетпей, өкпесі қысылып түсіп жатыр

COVID-19: Стационарларда төсек-орын жетпей, өкпесі қысылып түсіп жатыр

Коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін инфекциялық стационарларда төсек-орын тапшылығы сезіле бастады. Дерт дендеген ірі қалалар мен облыстарда науқас саны екі есеге артқан. Бір аптадан бері тәулік сайын 7 жарым мыңнан астам адамнан короновирус анықталуда.

Елорданың емдеу мекемелеріне жатқызылған әрбір екінші науқас өздігінен демала алмай  жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір қауіптің ең жоғарғы деңгейі «қызыл» аймаққа республиканың барлық өңірі кірген.

Алматы коронавирус құрығына іліккендер саны бойынша бүгін қайтадан көш бастады. Қалада кешелі бері 1540 адамның қанынан вирус табылған. Оның 500-ге жуығы бірден аурухана төсегіне жатқызылды. Қазір шаһардағы инфекциялық стационарларда 5 мыңға жуық адам кеселмен күресіп жатыр. Әзірге 2 мыңнан астам төсек-орын дайын тұр. Бірақ індеттің беті қайтпай жағдай бұлай жалғаса берсе, ол орындар 4-5 күннің ішінде-ақ толып кететінін дәрігерлер жасырмайды.

Жергілікті билік сын сағатында вирус жұқтырғандарға медициналық көмек көрсететін провизорлық орталықтарды іске қосты. «Халық арена» спорт кешені COVID-19 инфекциясына шалдыққан науқастарды қабылдап жатыр. Ондағы төсек саны 1000 адамға лайықталған. Теміржол ауруханасы мен әскери клиникалық госпиталь де бұдан былай жоспарлы түрде ем қабылдауы тиіс науқастарды ысырып қойды. Қосымша стационар ретінде жабдықталған әскери госпиталь вирус жұқтырған 150 науқасқа ем-дом көрсетуге қауқарлы. Жауапты департамент ауру айылын жимаса, тағы 3 мың төсек-орын дайындаймыз деп отыр. 

Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Тәулік сайын тұрғындар арасында коронавирустың 1200-1500-ден аса жағдайы тіркеліп жатыр. Қазір қаладағы инфекциялық стационарлар 65,5 пайызға толды. Бұл емдеу мекемелері тек коронавирусқа шалдыққан науқастарды ғана емдейді. Шаһардың "қою қызыл" аймаққа өтуіне осы факторлар әсер етті. Жағдай күннен күнге қиындап бара жатыр. Дерт дендей берсе ,қосымша төсек-орындар дайындауға тура келеді.

Науқас санынан Алматыдан қалыспай тұрған Нұр-Сұлтан қаласында да эпидахуал күрделене түсті. Елордалық дәрігерлер ауруханаға түскен әрбір екінші науқас ентігіп өздігінен демала алмайтынын күрсіне жеткізді. Қазір бас қалада 40 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- 16 стационарда 2903 науқас жатыр. Жансақтау бөлімінде 260 адам, 40 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Тек өткен тәулікте 178 адам жатқызылды. Емделіп үйге шығарылғандар саны 105. Бізде мыңнан астам  төсек-орын бар. Қоғамдық жерлерге барып, карантин талабын сақтамасақ, ауру өсе береді.

Ақ халаттылар аурумен арпалысып жаны қиналған науқастардың көбі вирусқа қарсы екпе алмаған деп қынжылады. Сондықтан олар вакцина салдырып, өзіңізді және жақындарыңызды қауіпті індеттен қорғауға шақырады. Нұр-Сұлтан қаласында стационарлардағы төсек-орын 74 пайызға толған.

Атырауда да коронавирус алқымнан алып тұр. Шілденің өзінде 9500-дей адам індет жұқтырған. Инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатқандар саны 1500-ден асқан. Олардың 102-сі – жүкті әйел, 13-і 18 жасқа толмаған балалар. Дәл қазір облыстық инфекциялық ауруханада мүлде орын жоқ. Соның салдарынан орташа ауыр халдегі адамдардың өзі амалдың жоқтығынан үйден емделуге мәжбүр.

Жансақтау бөлімінде дәрігерлер 76 адамның өмірі үшін күресіп жатыр. Оның 11-нің жағдайы өте ауыр. Дәл қазір мамандар облыста медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының және дәрілік препараттардың 2 айлық қорын жасақтаса да, еш нәрсе болжап айта алмай отыр. Өйткені әр жарты сағат сайын өкпесі қысып ауруханаға түсіп жатқандар саны толастамай тұр. Облыста резервтегі 480 орындық инфекциялық стационар әзір тұр. Десек те дәрігерлер айналдырған екі күннің ішінде ол да науқастарға толып қала ма деп қорқып отыр.

Руслан Қайыржанов, Атырау облысы инфекциялық ауруханасының дәрігері:

- Былтырмен салыстырғанда науқастардың жас мөлшері 35-40 шамасындағы адамдар. Аяғы ауыр келіншектер тіпті көбейді. Балалар да бар. Қазір ауруханада орын жоқ.

Атырау облысы «қызыл» аймақтан құрсауынан шыға алмай тұр. Кеше ғана Атырау қаласы «қою қызыл» белдеуге ойысты. Алайда қала тұрғындары карантин талапртарын пысқырмай жүр. Облыстың бас санитары алдағы апта карантин шараларын тағы да күшейтпесек, мұнайлы өлке түгел дерлік «қою қызыл» аймаққа айналып кете ме деп қауіптеніп отыр.

Қарағанды облысы елорда мен Оңтүстік астанадан кейінгі үшінші орынға нықтап жайғасқан. Бізде күніне қауіпті кесел 1000-ға жуық адамнан анықталып жатыр. Сондықтан Қарағанды облысының қазір жаңа шыққан теңеу – "қою қызыл" аймаққа айналып шыға келді.

Өйткені өңірде корновируспен ауырғандардың саны 60 мыңға таяды. Әр 100 мың адамның 4000 мыңнан астамына кесел жұққан деген статистика бар. Ол тіпті күн санап өсіп келеді. Бүгін Қарағанды облысында қауіпті кесел 900 адамның ағзасынан табылған. Өткен апатамен салыстырғанда бұл 25 пайызға артық. Мамандар коронавирус госпитальдеріндегі 5000-нан аса төсек-орынының жартысы соңғы күндері- ақ толып кеткеніне алаңдап отыр.  

Айгүл Шатекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Белгілері бар науастар 73 пайыз болса, белгілері  жоқ науқас саны 27 пайыз. Қарағанды облысы бойынша короновирус инфекциясы жағдайы тұрақты емес. Күн сайын 900 және одан да көп жаңа жағдай тіркелуде. Жалпы өткен аптамен салыстырғанда Қарағанды облысында аурушаңдықтың 25 пайзға өскен.

Өсім барлық өңірде бар. Сондықтан "қызыл" аймаққа елдің 14 облысы тегіс кірген. Бұған коронавирус инефекциясының күніне 7 жарым мыңнан аса адамнан анықталып жатқаны түрткі. Жалпыосы күнге дейін 588 мың адам вирус жұқтырса, оның 483 мыңы жазылыпты. Қаупті кесел 5866 адамның өмірін қиып кетті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде