Оқушыларға классикалық үлгідегі киімге рұқсат берілді
Биыл да мектеп формасы міндетті емес. Еліміздің бас мұғалімі жаңа оқу жылында оқушыларға классикалық стильдегі киім киіп баруға рұқсат берді. Бұл шешім ата-аналарға жеңіл болғанымен, тігіншілер тағы миллиондардан қағыламыз деп қиналып отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
03.08.2021
Сергей Сокирко, тігін кәсіпорнының жетекшісі:
- Күтіп жүргеніміз мүлдем басқа жаңалық еді. Былтыр жеңіл өнеркәсіптегілердің жартысында жұмыс тұралады. Енді Білім министрі биыл қалғанын құртайын деп отыр. Миллиондаған ақшамызды салдық. Қаншама шикізат сатып алдық. Өткен жылы трикотаж бен іскерлік киімдерді тігіп, әйтеуір аман қалғанбыз. Енді қайтіп күн көреміз?
Министрліктің оқу жылы тақалғанда бұл әңгімені қаузағаны мектеп киімін тігетіндердің ашуына тиіпті. Шенеуніктер өзгеріс туралы жарты жыл бұрын айтқанда отандық өндірушілер бүйтіп қиналмайтынына сенімді. Ал ата-аналар жағы мектеп формасына қатысты екіұдай пікірде. Оны Асхат Аймағамбетовтің өзі әлеуметтік желідегі жазбасында да айтып өткен. Сол себепті еліміздің бас мұғалімі жаңа оқу жылында мектеп формасын ғана емес, классикалық стильдегі киім киіп баруға болады деген шешім шығарған.
Елордалық Әйгерім Ілиясова бірінші сыныпқа баратын қызының мектеп формасын кигенін қалайды. Айтуынша, партаға енді отырған бала білім ордасындағы тәртіпті сезінуі тиіс.
Әйгерім Ілиясова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Негізі мектепте мектеп формасы болған дұрыс деп санаймын. Бұл адамның киген киімінен, баланың өз-өзін ұстауы мектеп тәртібінің бір бөлшегі ғой. Адам киген киіміне қарай көңіл-күйі өзгереді ғой. Бала да мектеп формасын киген кезде өзін оқушы ретінде сезініп, қандай да бір жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!