Күнбағыс майы неге қымбаттады?
Елімізде күнбағыс майының құны ұшып тұр. Бір жылда баға 60 пайызға көтерілген. Мұны Еnergyprom kz сарапшылары есептеп шығарыпты. Осылайша қазір еліміздегі дүкендер мен базарларда сұйық майдың литрі орта есеппен 713 теңгеден сатылуда.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Саят Дәулетжанұлы
03.08.2021
Мамандар қымбатшылыққа былтырғы шикізаттың жетіспеушілігі себеп болды деп отыр.
Күнбағыс майы ең қатты қымбаттаған өңір – Қарағанды облысы.
Мұндағы дүкен сөрелерінде тауар бағасы жыл басымен салыстырғанда 100 пайызға дейін өскен. Қыста сұйық майдың литрі 400 теңгеден сәл аса саудаланса, қазір мың теңгеге дейін жетеді. Халық ең көп тұтынатын тауарлардың бірі болғандықтан жұрт оны бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр. Әсіресе қоғамдық тамақтану саласында жүргендер тығырыққа тірелген. Өйткені сұйық май бағасы өскен соң, ас-ауқатты да қымбаттатуға тура келген. Бұл клиенттерге ұнамай қалған. Десе де ешкімнің шығынға жұмыс істегісі келмейтіні белгілі.
Қарлығаш Айдарханова, асхана қожайыны:
- Жыл басынан-ақ майды қымбатқа сатып ала бастадық. Уақыт өте келе баға өсе берді. Жаңа жылдан кейін бес литр күнбағыс майын шамамен 2 жарым мыңға алсақ, қазір құны 4 мыңнан асып кетті. Сондықтан біз де сатылатын тағамдардың бағасын көтердік.
Бөлшек саудагерлер мұны күн сайын бағаны өсіретін көтерме жеткізушілерге байланысты деп түсіндіреді. Сарапшылардың есептеуінше, маусымда еліміздегі сұйық май литрінің орташа бағасы 713 теңге болған.
Седред Асретов, Ranking.kz басқарушы директоры:
- Сұйық май құны еліміздегі 17 өңірдің бәрінде көтерілген. 40 пен 80 пайыз аралығында. Алматыда баға 76 пайызға, ал Батыс Қазақстан облысында 75 пайызға өсті.
Ең арзан май Ақтөбеде екен. Мұнда тамақ пісіруге аса қажетті тауардың литрі орта есеппен 621 теңгеден. Сұйық майдың қымбатшылығын жауаптылар былтырғы шикізаттың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр.
Константин Невзоров, Қазақстан май-тоңмай одағының президенті:
- Бағаның өсуіне былтырғы егіннің жетіспеушілігі себеп болды. Бұған қоса Қытай мен Өзбекстан пандемиядан кейін өнімді көптеп сатып ала бастады. Сұраныс артты. Соның салдарынан іштегі тауар құны Ресейден әкелінетін импорттық шикізаттан да жоғары болды.
Бағаның әрі қарай қалай құбылатыны биылғы егінге байланысты болмақ. Май-тоңмай одағының өкілдері Орталық және Солтүстік Қазақстанда күнбағыс аз шығуы мүмкін деп болжап отыр. Есесіне Шығыс Қазақстан облысынан үміт мол. Майлы дақылдың қаншалықты көп жиналатыны тамыздың 15-інен кейін белгілі бола бастайды. Шикізат жетіспеушілігі тағы қайталанса, сұйық май құнының әрі қарай көтерілуі де ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!