COVID-19: 2 мыңнан астам науқастың жағдайы тым ауыр
Елімізде коронавирустың таралу қарқынында төрт аймақ «қою қызыл» аймаққа кірді. Кесел кеулеген Алматы, Шымкент қаласы және Атырау мен Қарағанды облыстары қауіптің ең жоғарғы деңгейінде тұр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.08.2021
Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Бұған қарамастан «эпидахуал оптимистік сценарий бойынша өрбіп жатыр» деген ведомство басшысы тамыз бен қыркүйек айына да болжам жасады. Оның айтуынша, осы екі айда 250 мың адам індетке шалдығуы мүмкін.
Алексей Цой, Денсаулық сақтау министрі:
- Эпидемиологиялық жағдайдың тамыз-қыркүйекке арналған болжамына сүйене отырып, қазір біз оптимистік сценарий бойынша келе жатқанымызды айтқым келеді. Дәл осылай жалғасатын болса, 2021 жылдың тамыз-қыркүйегінде тіркелген жағдайлардың саны шамамен 250 мың адамды құрайды, орташа есеппен күніне жеті мыңға жуық жағдай тіркеледі.
Алексей Цой инфекциялық ауруханалардағы төсек-орын 56 пайызға, яғни жартысыннан астамы толып кеткенін айтады. Жансақтау бөлімдерінде де орын тапшылығы сезіле бастаған. Қазір 30 мыңға жуық отандасымыз індетпен күресіп жатыр. Ал 2 мыңнан астам науқастың жағдайы тым ауыр. Әсіресе «қою қызыл» аймаққа ойысқан өңірлерде індет күшіне мінгендей. Ал күн сайын кемі мың адам коронавируспен тіркелетін Нұр-Сұлтан қаласы аса қауіпті деген аймақтан айналып өтті. Мұны бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов былай түсіндірді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Соңғы аптада тәулігіне орта есеппен коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны тұрақталып, қазір бұл көрсеткіш аздап төмендеді. Күніне орта есеппен 9 мыңнан астам ПТР тест жүргізілуде. Ондағы вирус анықталу үлесі 23 пайыздан 20 пайызға азайғаны байқалады. Жедел жәрдемді шақыру саны 11 пайызға төмендеді.
Ауру айылын жимай тұрған Алматы қаласында жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндер екі есеге артқан. Тұрғындар жедел жәрдемді тәулігіне орташа есеппен үш мың рет шақыртады екен. Өзге аурумен салыстырғанда қызуы көтеріліп, тұмау қысқандардың қарасы көп. Алматы кешелі бері коронавирустың таралу қарқынында көш бастап тұр. Соңғы тәулікте 1531 адамның ағзасынан COVID-19 инфекциясы анықталған. Аурумен бетпе бет келген қарашаның күрт көбейген соң, қосымша стационарларды дайындауға тура келген.
Светлана Сұлтанғазиева, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары:
- Бүгінде тәулігіне шамамен 3700 рет жедел жәрдем шақыртты. Оның 2700-і 1-3 дәрежелі шақырту. Өткен аймен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге артқан. Қаладағы стационарларда 4852 адам емделіп жатыр. Оның 241-і – балалар. Ауруханаларда 7045 төсек-орын бар. Қосымша стационарларды жабдықтап орын санын 3 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Жансақтау бөлімдерінде барлығы 700 орын бар болса, оның 310-ы бос емес.
Елде аурудан ажал құшып жатқандардың да қарасы азаймай тұр. Соңғы тәулікте індеттен 110, коронвирус пневмониясынан 16 адам көз жұмып, өлім саны бойынша антирекорд көрсеткіші жаңарды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантин талабын сақтап, вакциналау көрсеткіші ұлғайғанда ғана жағдай тұрақталады деп отыр. Ал елде екпе салдыру қарқыны төмен. Сондықтан эпидахуал әп-сәтте ушығып кетіп, яғни песимистік сценарийдің ауылы алыс емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!