{metadescription}
Вакцина: ДСМ қандай препарат әкелінетінін құпия ұстап отыр
Вакцина: ДСМ қандай препарат әкелінетінін құпия ұстап отыр

Вакцина: ДСМ қандай препарат әкелінетінін құпия ұстап отыр

Қазақстан тағы да коронавирусқа қарсы вакцина сатып алды. 4 миллион адамға есептелген 8 миллион доза осы тамыз айында жеткізілуге тиіс. Дегенмен нақты қандай препараттың әкелінетінін денсаулық сақтау министрлігі құпия ұстап отыр.

Оның ішінде қытайлық вакцина да болуы мүмкін. Министрлік ақпаратты жасырын ұстағанымен, Қарағандының фармацевтикалық зауыты Ресейден «Спутник V» вакцинасының миллиондаған дозасын сатып алуға келісім-шарт жасасқан.

Үкімет қызмет көрсету саласында жүргендерге вакцина салдыруға уақыт берген. 10 тамызға дейін бірінші, ал 1 қыркүйекке дейін екінші компонентті салғызу керек. Бір апта уақыт қалды. Мерзім өткеннен кейін компанияларды тексере бастайды. Вакцина салдырмаған қызметкер жұмыс істей алмайды. Ал жұмысшыға рұқсат берген кәсіп иесі 14 мыңнан 1 миллион 400 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Тіпті кәсіпорын қызметінің уақытша тоқтатылуы да ғажап емес.

Елімізде міндетті вакциналау талабы медициналық қарсы көрсетілімі бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырып шыққан адамдарға қатысты емес. Ал 10 миллионға жуық қазақстандық қауіпті індетке қарсы егілуі керек. Қазіргі таңда 4 миллионға жуық адам толықтай вакциналанды. Эпиджағдайдың нашарлығын көріп отырған премьер-министрдің бұл көрсеткішке көңілі толмады.  

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:

Ауруханадағы орын санының 56 пайызы, ал жансақтау бөлімі орындарының 44 пайызы толық. Пандемиядан шығудың жалғыз жолы ғана бар вакциналау. Қазір 5,5 миллиондай адам вакцинаның бірінші компонентін және 4 миллионға жуығы екінші компонентін алды. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. 

Шымкент, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында вакциналау қарқыны жоғары, ал Маңғыстау облысында көш соңында. Өңірде коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін 351 мың адам алуы тиіс екен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне зер салсақ, бүгінде вакцина салдырғандар саны 20 пайызға да жетпейді. Үкімет отырысында зыр етіп баяндамасын оқыған аймақ басшысы қарқын артты деп мақтанды.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Вакциналауды бақылау және мониторинг жүргізу үшін жедел штаб құрылды. Вакциналау жұмысы күшейтілді. Соның нәтижесінде білім беру, спорт, қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлері арасында вакциналаудың  өсу қарқыны байқалады. Биылғы маусым айымен салыстырғанда есептік кезеңде вакцина алушылар саны 2,4 есеге өсті. Яғни маусым айында 18 636 адам болса, шілдеде 44 341 адам екпе алды.

Қазақстандықтар QazVac, CoronaVac, Hayat-Vaxтан қарағанда «Спутник V» вакцинасын көбірек алған. Тамыз-қыркүйекте «Спутник V» препаратының тағы 2 миллион дозасы Қарағанды фармацевтика зауытына әкелінеді.  Дәл осы өндіріс орнында Ресейдің «Спутник Лайт» вакцинасы да шығарылуы мүмкін. Еліміз жақын күндері екі компонентті қоса алғанда 8 миллион доза вакцина күтіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі «Спутник V» препаратымен бірге осы тамызда қытайлық вакцина да жеткізілетінін жария етті. Бірақ қандай препарат әкелінетіні белгісіз. Өткен аптада Алматының бас дәрігері Нариман Табынбаев оңтүстік астанаға QazVac екі күнде, CoronaVac тамыздың ішінде, ал Pfizer вакцинасы қазан айында келеді деп мәлімдеген еді. Шенеуніктің сөзіне сүйеніп, министрлік жасырын ұстаған қытайлық вакцинаның атауын осыдан-ақ білуге болатын секілді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде