Ақтауда ауыз су далаға кетіп жатыр – Қарағанды облысы
Қарағанды облысының Ақтау кентінде тозығы жеткен құбырдан аққан ауыз су далаға кетіп жатыр. Соның салдарынан екі көшенің тұрғындары соңғы жылдары суға жарымай қалған. Ауылдағылар қуаңшылық жайлаған өңірде елдің түсіне кіретін ауыз судың ысырап болғанына наразы.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
04.08.2021
Ал осы көшелерде Кеңес заманында тартылған құбырларды жергілікті билік мемлекет меншігіне өткізбеген. Сондықтан коммуналдық мекеме оны балансына алмаған. Ақыры тозған құбырды жамауға жағдайы жетпеген қараша көшеге жайылған ауыз суды жылдап кешіп жүр.
Шілденің шіліңгір ыстығында Ақтау кентінің тұрғындары құбырдағы судың қысымына телміріп отыр. Ас дайындауға, кір жууға су алу үшін мұндағылар жарым түнді күтеді. Бақшаны суаруға су тасу керек. Су келді-ау дегенде жапа-тармағай ыдыстың бәріне су толытырып жанталасамыз дейді.
Ольга Кобцева, Ақтау кентінің тұрғыны:
- Өткен жылы «Оқжетпес» компаниясы бізбен келісімшарт жасасты. Судың мөлшерін санау құрылғыларын мәжбүрлеп тұрып орнатқызды. Ай сайын сол бойынша төлем жасап тұрмыз. Төлемесең, төбеңе кеп дікеңдеп тұрады. Ал мына судың мәселесін шешіп беріңдер десек, пысқырмай отыр.
Судың ысырап боп жатқаны тозығы жеткен құбырдың әр жерінен бір жарылуы себеп. Осы жолы көшенің басындағы үйден аққан су жолды жылға қылып алған. Бірақ құбырларды жамап-жасқауға ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Сондықтан бір үйде құбыр жарылса, бірнеше көше сусыз қалады. Осы жолы құбыры жарылған үй тұрғыны әкімдік көмектеспесе, құбырды жөндемеймін деп отыр.
Бейбітжан Бәсенұлы, Ақтау кентінің тұрғыны:
- Орталықтан шыққан шүмек құмға басылып қалған, құдық жоқ. Негізі құдықта шүмек болуы керек. Сосын сол жерден су кеткен шүмекті жауып тастау керек. Өзім құдық қояйын. Үш метр, екі елуде құдық қою керек, Соның ішіндегі шүмегін істеуге маған көмектессін. Сосын үйіме қарай суды өзім істеп аламын. Ол кісілер істесең істе, істемесең қой деп отыр.
Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Көшенің басындағы үйдің құбырынан кеткен су көл болып, ары қарай далаға жайылып жатыр. Үйлердегі судың қысымы жоғалып, тұрғындар көшеде ағып жатқан ауыз суға зар болып отыр.
Қазақтсанда биыл су тапшылығынан құрғақшылық жайлаған тұста мамандар осы меселені шешуде шақша басы шарадай болған. Ал Ақтау кентіндегі ағыл-тегіл аққан ауыз судың меселесі жылдап шешімін табар емес. Себебі, құбырлар 30 жылдан бері мемлекет меншігінде өткізілмеген. Коммуналдық мекеме балансында да жоқ көрінеді. Сондықтан тозығы жеткен құбыр қанша жерден жыралса да, олар пысқырып та қарамайды. Шенеуніктердің жайбасарлығы мен шалалығы қаталаған қарашаның қалтасына жүк болмақ. Әзірге олар шырылдаған жұртты сабырға шақырумен жүр.
Әнуәрбек Бахриденов, Ақтау кентінің әкімі:
- Ауылдағы құбырлардың көбі мемлекет меншігіне өткізілмеген. Қазір бұл жұмыспен заң шеңберінде айналысып жатырмыз. Сотқа жүгініп бір жыл ішінде меншікке өткізсек, «Оқжетпес компаниясының балансына береміз. Ауыз су далаға ақпауы тиіс. Ал құбыры жарылған үй тұрғынына ескерту жасалды. Егер құбырын жөндемесе, оны судан ажыратамыз.
Әнуәрбек Бахриденов: «Ауылға әкім боп келгеніме жарты жыл ғана болды» деп ақталады. 30 жыл бойы стратегиялық нысандардың меншікке өтпегенін ол өзіне дейінгі әкімдерден көреді. Тұрғындар уақытша келетін «әкімдердің әні осы» дейді. Уәдені үйіп-төгіп бұл кетсе, орнына келгені осы ертегіні тағы айтады. Сондықтан ауыз суы ысырап боп жатқан ауыл тұрғындары құбыр жамай алмайтын Қарағанды билігінен емес, президенттен көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!