Ashyq: 108 кәсіпорынның жұмыс күні екі сағатқа ұзартылды
Елордада 108 кәсіпорынның жұмыс күні екі сағатқа ұзартылады. Ashyq жобасын қолданған бизнес иелері қызметіне адал болғаны үшін осындай мүмкіндікке ие болды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ресми сайтында жоба көшбасшыларының тізімін жария етті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.08.2021
2-тамыздан күшіне енген жаңа ережеге сәйкес, Нұр-Сұлтандағы шағын және орта бизнес иелері Ashyq жобасымен жұмыс істеуге міндетті. Ал тегін платформаны қолданбайтындардың қызметіне толық тыйым салынған. Үкімет әр кәсіпкерге 9-тамызға дейін уақыт берген. Олар осы мерзімге дейін қызмет алушыларды тіркеп, олардың мәртебесін тексеруге тиіс. Сондай 108 кәсіпорын өз міндеттемесін жоғары орындапты. Ірі сауда ойын-сауық орындары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер, университет пен кейбір тамақтану орындарының енді жұмыс уақыты екі сағатқа ұзартылды.
Кеше Ashyq жобасына қатысатын нысандардың көмегімен үй карантинін бұзған 8 мыңнан астам келуші анықталған.
Қуанышбек Мұқаш, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының орынбасары:
- Қазір Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлердің саны 10566-ға жетті. Кеше ғана 8887 кәсіпкер болса, бір тәуліктің ішінде ғана екі мыңға жуық кәсіпкер тіркелді. Ішінде 4 мыңға жуығы ерікті кәсіпкерлер. Олар біздің бас дәрігеріміздің қаулысында көрсетілген басымдықты ала алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!