«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп ақталып шықты
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп ақталып шықты. Судья былтыр көктемде ақ халаттылардың жаппай вирус жұқтыруына экс-шенеуніктің еш қатысы жоқ деп таныды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.08.2021
Ақталып, тергеу изоляторынан босатылған Шәріп тек тіркелмеген қаруды үйінде заңсыз сақтағаны үшін 2 млн теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс.
Қанат Бисембиев, Есіл аудандық сотының судьясы:
- Берік Шәріп 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын. Берік Шәріпке тағайындалған жаза өтелді деп есептелсін және ол сот залынан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын.
Берік Шәріп өткен жылдың 11-тамызында қамауға алынған. Оған өзі басқарған «СҚ Фармация» компаниясы былтыр пандемияда қорғаныш киімдерін уақтылы жеткізбей, соның салдарынан ірі қалаларда 2 мыңнан астам дәрігер жаппай коронавирус жұқтырды деген айып тағылған. «Қызметін асыра пайдаланды» деген прокурор судьядан "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда елордалық судья «қылмыс құрамы жоқ» деп, экс-шенеунікті ақтады. Бір жылға созылған тергеуге 500-ге жуық куәгер тартылған.
Ерлан Мәкенов, адвокат:
- Берік Шәріп медицина саласына қайта оралуға дайын. Қазір ол бір жылын жоғалтқанына өкінеді. Коронавирус таралып жатқанда ол өз тарапынан елге көмек көрсеткісі келеді. Бұл істе Шәріптің кінәсі бар дегенге ешқандай дәлел-дәйек болмады. Тергеуге, әрине, көңіліміз толмайды. Прокурордың сұраған жазасы да ақылға қонымсыз. Бірақ судья әділетті шешім шығарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!