Лифтіге құлағанның біреуі өліп, екіншісі ауыр халде жатыр – Атырау
Атырауда екі монтер лифт шахтасына құлап, 40 жастағы жұмысшы мерт болды. Ал екіншісі жансақтау бөлімінде өте ауыр халде жатыр. Тұрғын үйдің 15-қабатынан төмен қарай құлдилаған қос азамат «Лифт Инсфест» компаниясының жұмысшылары.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
04.08.2021
Қайғылы жағдай қаланың қақ ортасында орналасқан «Ардагер» тұрғын үй кешенінде болды. Таңертеңгі сағат 10 шамасында қос жұмысшы жеделсатыны жөндеу үшін жоғары көтеріледі. Жарты сағат өтпей жатып лифт кабинасы 15-қабаттан құлайды. Жедел жәрдем жеткенше бір жұмысшы тіл қатпастан қайтыс болды. Дәрігерлер екінші азаматтың жанын аман сақтап қалу екіталай деп отыр.
Индира Мерекен, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:
- 1989 жылғы науқас жансақтау бөлімінде ауыр халде. Қатты жарақаттан ес-түссіз, бірнеше жері сынған, жарақаттары бар. Қазір ота жасауға дайындап жатыр. Дәрігерлердің бақылауында.
Қайғылы оқиға болған "Ардагер" тұрғын үй кешені жеке сектор болып есептеледі. Мән-жайды білейін десек, қабағы қатулы күзетшілер маңына журналистер түгілі, бөгде адамды жолатар емес. Ауласына тек осы үйдің тұрғындары мен жалға алып тұрып жатқан шетелдіктер ғана кіріп-шыға алады. Ал көпқабатты үйлердегі жеделсатының жұмысына жауапты тұрғын үй инспекциясы ішінде бір емес, мың адам өліп жатса да жекенің меншігіне өткен нысанға қатысты ауыз аша алмаймыз деп отыр.
Төтенше оқиғаға қатысты тексеру басталып, қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы Атырау қаласындағы көпқабатты үйлердің жеделсатылары мүлде сын көтермейді. Көбі ескі болса, жартысы баяғыда істен шыққан. Оны тұрғын үй инспекциясының басшысы да мойындады.
Қайрат Қабиев, Атырау облысы тұрғын үй инспекциясының басшысы:
- Қазір көпқабатты 22 үйде 42 жеделсаты жабық, жұмыс істемейді. Оның 24-не жөндеу қажет емес.
Жеделсатыға қатысты дәл осындай қайғылы жағдай Атырауда бірінші рет болып тұрған жоқ. Мысалы, «Алмагүл» тұрғын үй кешенінде екі жылдың ішінде төрт рет қатарынан лифтінің сымы үзіліп шахтаға құлаған. Екі оқушы қаза тауып бірнеше адам түрлі жарақат алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!