БАКАД жобасы байтөбеліктердің берекесін қашырған
«Қалаға шыға алмай, қамауда қаламыз!» Бүгін Алматы іргесіндегі саяжай тұрғындары Үлкен Алматы айналма жолын жауып, ауыр техниканың астына түсуге аз қалды. Таңмен таласа қыз-қыз қайнаған автомагистраль құрылысын тоқтатқан жұрт қалаға арлы-берлі қатынайтын жалғыз жолдың жабылуына қарсы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
06.08.2021
Өйткені олар шаһарға шығу үшін осы айналма жолды басып өтуге мәжбүр. Айналма жолды салып жатқандар ақылы тас жолға кез-келген жерінен көлікпен қосылуға болмайтынын жеткізді.
Үлкен Алматы айналма жолы. Үйілген тастар бүгін осы жерге төселуі тиіс еді. Алайда қыз-қыз қайнаған жұмысты Байтөбе саяжайының тұрғындары тоқтатты. Көліктерімен жолды жапқан жұрт ауыр техниканың астына да түсуге дайын. Өйткені олар Еуропа мен Азияны жалғайтын автокөлік дәлізі пайдалануға берілсе, қалаға шыға алмай, қамауда қаламыз ба деп қорқады.
Көпшілікке БАКАД атауымен танылған жобаның құрылысы басталғалы байтөбеліктердің берекесі қашқан. Бетон төсеуге келген техниканы көрген саяжай халқы тайлы тұяғы қалмай наразылыққа шықты. Шаһарға арлы-берлі қатынайтын жалғыз жол жабылса тіршілігіміз тұралайды дейді тұрғындар. Оған қоса ай күнін санап отырған жүкті әйелдердің жайы да жұртты алаңдатады.
Бақыт Кәкімова, Байтөбе саяжайының тұрғыны:
- Босанғалы отырған әйелдер бар. Мына жол жабылса, біздің ауылға жедел жәрдем көлігі келмейді. Ол әйелдер үйде босанады.Өрт шықса, үкімет бізге көмектесе алмайды. Адамдар несиеге белшеден батып, балшық үйде тұрып жатыр. Бізге ауылға кіретін кішкентай ғана жол қажет. Біз басқа ешнәрсе сұрап жатқан жоқпыз.
Байтөбе саяжайында 300-ден астам түтін бар. Барлығы ұл-қыздарын көрші Кемертоған ауылындағы мектеп пен балабақшаға апарады. Ол үшін жұрт айналма жолды басып өтеді. Бірақ автокөлік дәлізінің құрылысы жанданғанын ескерсек, көпшілік жүретін аталған жол әп-сәтте жабылуы ғажап емес. Үнжырғасы түскен тұрғындар оффлайн оқу басталса балаларды білім ошағына таси алмай тығырыққа тірелеміз бе деп күйінеді.
Ержан Серікұлы, Байтөбе саяжайының тұрғыны:
- Ертең мына жерде асфальт біткеннен кейін жан-жағын темірмен қоршайды. Одан кейін адам да көлік те өтпейді. Жұмысқа бара алмаймыз. Балабақша мен мектепке бара алмаймыз. Бала-шағаны арлы-берлі таси алмаймыз. Қайда барамыз сонда? Осы жерде ғана өмір сүреміз бе?!
Кешеуілдеп басталған мақтаулы жобаны дайындаған компания өкілдері де төбе көрсетті. Таңнан бері күннің ыстығында жүйкесі жұқарған халық оларға тап беріп, сұрақтарын қарша боратты.
Құны 180 миллиардқа бағаланған айналма жолдың құрылысы үш жыл бұрын басталған. Бетоннан құйылатын тас жол Алматының солтүстік аумағын түгел айналып, облыстың Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтеді. Аталған жобаға жауаптылар жан-жағы қоршалатын ақылы жолда көрінген көлік иесі емін-еркін жүре алмайтынын кесіп айтты. Бірақ олар жергілікті әкімдікпен ақылдасып, аталған түйіткілдің түйінін тарқату үшін басқа амал қарастырамыз деп сендірді.
Екатерина Жирова, «БАКАД Инвестиция және Операция» компаниясының өкілі:
- Бұл жерде қазір құрылыс тоқтады. Тұрғындарды мазалаған мәселе толық шешімін тапқанда ғана жұмысты жалғастырамыз. Біз жергілікті билікпен қазір жиналыстар өткіземіз. Халық арлы-берлі өтіп жүрген жолды әзірге жаппаймыз. Мектепке жақын жерде жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелін салу жоспарланған. Бірлесе жұмыс атқарып, алдағы уақытта нәтижесін жариялаймыз.
Ал аудандық атқамінерлер автомагистральдің айналасындағы елдімекендердің инфрақұрылымына арналған бас жоспар әзірленіп жатқанын жеткізді. Шенеуніктер жоба аясында өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын шешім шығаруға тырысамыз дейді.
Айбар Жақанбаев, Қарасай аудандық жолаушылар көлігі және автомобильдік жолдар бөлімінің басшысы:
- БАКАД бәріне белгілі. Ақылы жол болады. Сол себептен ол жабық тұрады. Осы маңдағы тұрғындарға уақытша жол қарастырып жатырмыз. Ал бас жоспар жасалу барысында. Бас жоспарда мектеп, әлеуметтік нысандар және оларға апаратын жолдар қарастырылатын болады.
Шенеуніктер күзге дейін саяжайлықтардың бас ауруына айналған мәселені шешіп беруге уәде берді. Ал ол уақытқа дейін тұрғындар уақытша жолмен қалаға арлы-берлі қатынай береді
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!