Еліміз Еуропаға мұнай тасымалдауды азайтуы мүмкін
Қазақстан Еуропаға мұнай тасымалдауды азайтуы мүмкін. Себебі: Еуроодақ 2023 жылдан бастап көмірсутек шикізатына салынатын салықты көбейтпекші. Мамандар бұл өзгеріс еліміздің мұнай-газ өндіру саласына, отандық экономикаға едәуір әсер етеді дейді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
06.08.2021
Жұмабай Қарағаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Бүгінгі таңда мұнайдың негізгі экспорты бізде Еуроодақ елдері аумағында шоғырланған. Егер осы көмірсутек шикізаты салығы енгізілетін болса, онда Қазақстан баламалы бағыттарды да қарастыратын болады. Мәселен, мұнай Қытайға немесе Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тасымалдануы мүмкін.
Энергетика министрлігінің өкілі мұнай өндіру мен тасымалдаудың экологиялық жағынан таза болуы маңызды екенін мойындайды. Шенеунік қоршаған ортаға барынша зиян тигізбейтін заманауи технологияларды Қазақстанның да қолданатын уақыты жеткенін айтады. Еуропаның да көксегені осы. Салықты өсіру арқылы ел аумағына зиянды заттарды кіргізбеу, климатты өзгерту. Сонымен көмірсутек шикізатына салынатын салық 2023 жылдан 2026 жылға кезең-кезеңімен көтерілмек. Жалпы, 2020 жылы Қара және Балтық теңізі арқылы 51 миллион тонна қара алтын Италия, Румыния, Франция, Нидерланды елдеріне жеткізілген. Негізінен, Қазақстан Еуроодақ елдеріне мұнайды Қытай арқылы экспорттайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!