Олимпиада: Сәтсіздіктен кейін басшылардан бастап бапкерге дейін ...
Токио Олимпиадасына қатысқан қазақстандық спортшылардың соңғы легі елге оралды. Бүгін жанкүйерлер Олимпиаданың қола жүлдегерлерін ерекше құрметпен күтіп алды. Жапонияда өткен айтулы аламанда спортшыларымыз 8 қоламен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 83-ші орынға түсті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.08.2021
Өзге Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтпаған Қазақстан құрамасының бұл ең төменгі нәтижесі. Спорт сарапшылары осы сәтсіздіктен кейін басшылардан бастап бапкерге дейін жылы орнын босатып, спорт саласына реформа қажет екенін айтады.
Ағайын-туыс, дос-жаран мен жанкүйерлер. Барлығы Жапония астанасынан келген Қазақстан делегациясының соңғы легін қарсы алды. Ел намысын абыроймен қорғап, қола медальді қанжығасына байлаған спортшыларға Алматы әуежайына жиналған көпшілік ерекше қошамет көрсетті.
Сәкен Бибосынов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
- Мен елімінің Әнұранын шырқатамын деп барғанмын. Алтын аламын деп ойлағанмын. Бірақ қоламен шектелдік. Өкініш бар. Бұл менің үлкен спорттағы жеңістерімнің баспалдағы деп білемін. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Алла қаласа, екі есе еңбектеніп, елімді алтынмен қуантамын деген мақсат бар. Қолдауларыңызға рақмет!
Қамшыбек Қоңқабаев, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
- Кішкене тынығып алайық. Кәсіпқой бокста да өнер көрсетіп жатырмыз. Менеджерлерім бар. Барлығымен ақылдаса келе, алдыға жоспар қоямыз.
Пандемиямен тұспа-тұс өткен төртжылдықтың басты додасы кеше аяқталған еді. Жанкүйерсіз өткен жаһандық жарыста 96 қазақастандық спортшының тек 8-і жүлдеге ілікті. Оның өзі кілең қола. Осылайша Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте 83-ші орыннан көрінді. Өзге елді айтпағанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан сияқты көршілер алдымызды орап кетті.
Токио Олимпиадасы қазақстандық жанкүйерлер үшін спортшылардың сәтсіздігімен есте қалатыны сөзсіз. Өйткені ел құрамасы 1996 жылдан бері Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтпаған. Мәселен, спортшыларымыз ел қоржынына Атлантада 3 алтын, Сиднейде 3 алтын, Афинада 1 алтын, Бейжіңде 2, Лондон мен Рио-де Жанейрода 3 алтыннан салған. Бразилия астанасында өткен Олимпиадада атлеттеріміз тағы 5 күміс пен 9 қоланы жеңіп, ел тарихында ең көп жүлде алған болатын.
Ал Токио төрінде үміт артқан спортшыларымыз жеңілістен көз ашпай, бірінен кейін бірі сүрінді. Әспеттеген боксшыларымыз да бірінші айналымнан шыға алмай қалды. Жауырыны жер иіскеген балуандарымыз да жетерлік. Спорт журналисі Айбек Қабылша осы сәтсіздіктен кейін жауапты басшылардан бастап, бапкерлер түгел орнын босату керек деген пікірде. Оның айтуынша, спорт жеке-дара министрлік болып бөлінуі тиіс.
Айбек Қабылша, спорт журналисі:
- Өмірінде жүгіріп көрмеген, секіріп көрмеген адамды елдің спортын басқартып қою дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, мәдениет министрі керемет әнші болуы мүмкін. Қайраткер шығар. Бірақ ол спорттан хабарсыз ғой. Олимпиада комитетіне нағыз жанашырлар бару керек. Сосын бокс болсын, күрес болсын, жас бапкерлер керек. Бас бапкер болып барды ма, оның көмекшісі болып кім барды? Барлығын алып тастау керек. Осындай қатаң шешім керек екенін осы Олимпиада көрсетті.
Токио Олимпиадасында комментатор болған Айбек ел құрамасының төмен нәтижеге қол жеткізуі отандық спорттың қазіргі ахуалын анық көрсетті деп отыр. Сондықтан федерация жетекшілігінде отырған олигархтар тізгінді спорттың ұңғыл-шұңғылын білетін мықты мамандарға беретін уақыт келді дейді ол.
Айбек Қабылша, спорт журналисі:
- Дәстүр болып кетті. Қолында қаражаты бар адамға әрбір спорттың тұтқасын ұстатып қойып жүр. Құрметті президенті қылып қойсын. Бірақ ол адамды федерация жетекішілігіне қойып сеніп тапсыруға болмайды деген ойдамын. Шыны керек, олар өз бизнесін ойлайды. Басқа шаруалары да бар.Кешегі Олимпиадада масқара болды ма? Алғашқы ондыққа ілінбеді ме? Ол кісілер де кетуі керек.
Спорт сарапшылары бокс, күрес пен ауыр атлетикадан өзге спорт түрлеріне де көңіл бөлу керек деп отыр. Өте құптарлық пікір. Өйткені Токио төрінде өзге сайыстарда отандастарымыздың көрсеткіші көпшіліктің көңілін күпті қылды.
Бірақ қола медальға қол жеткізгендердің де еңбегін жоққа шығаруға болмас. Жеңіс үшін барын салып жігер танытқан 8 спортшы ел намысын абыроймен қорғап келді. Алда – Париж Олимпиадасы. Ол уақытқа дейін жауаптылар ел спортына өзгерістер енгізіп қорытынды шығарады деген үміттеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!