Қарағандыда мықтының тойынан тым-тырақай қашты
Қарағандыда демалыс күндері болған тойлардың арты дауға ұласты. Сәрсенбіде қыз ұзату тойын жасаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы жұмыстан қуылды. Ал жексенбіде мобильді топты тойдан желкелеп қуған тағы бір мықтылар сот алдында жауап береді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.08.2021
Үйде болған тойға мобильді топ кіре алмады. Дәлірек айтсақ, кірген ізімен топыраққа аунап қайта шықты. Бір қызығы топтағы екі полиция қызметкері өзін табалдырыққа итерген той иелеріне аузын аша алмай күмілжіп тұр. Ал Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мақсұтов қызын қаладағы ең қымбат мейрамханада ұзатқан. Тексерушілер келгенде 400-ге тарта қонақ тым-тырақай қашып, арырақта күткен көліктеріне ұмтылған. Мобильді топ мейрамхананың ішін бейнекамераға түсіре алмадық деп ақталады. Айтуынша, мейрамханада той иесінен өзге мемлекеттік қызметкерлер болмапты. Халел Мақсұтов 30 жыл шенеунік болса да, тойына әріптестерін шақырмаған болып тұр. Қымбат көліктеріне міне қашқандар құда-жекжат қана екен.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Бүгіннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мұқатайұлы Мақсұтов қызметінен босатылды. Мұндай жағдайға жол берген кез келген мемлекеттік қызметшіге жаза қолданылады. Бұл ретте шенеуніктер өз мәртебесін жеке басқа пайдаланауды көздемей, азаматтарға үлгі болуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!