{metadescription}
Вакциналау пункттеріндегі бүгінгі ахуал
Вакциналау пункттеріндегі бүгінгі ахуал

Вакциналау пункттеріндегі бүгінгі ахуал

Межелі мерзім бітуге таяу! Екпенің бірінші компонентін алуға берілген уақыт аяқталар тұста Маңғыстаудағы вакцинация пункттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Ал екпе алғандар саны бойынша көшбасшы қала – Алматыда мұндай дүрбелең байқалмайды.

Қызмет көрсету саласы мен үлкен ұжымдарда жұмыс істейтіндер 10-тамызға дейін вакцинаның бірінші компонентін салғызуы тиіс.

Ал екінші компонентті 1-қыркүйекке дейін салдыру қажет. Вакцинация пункттеріндегі бүгінгі ахуал қандай?  

Маңғыстау облысы вакциналау қарқынында соңғы орында тұр. Облыста қазір 112 мыңнан аса адам екпе алған. 10 тамызға дейін екпе алып үлгеру керек деген билік қойған талап әсер етті ме, өткен демалыста Ақтауда вакцинаға қызу талас болды.

Қаладағы №1 емхана алдына жиналғандар кезек жылжымайды деп шу шығарды.

Екпе алуға келген 200-ге жуық адам кезегін күтіп шаршағынын айтып наразылығын білдірді. Айтуларынша, кейбірі таңнан бері тұр екен. Видеодан емханадағы екпе кабинеті халықты қабылдап үлгере алмай жатқанын байқауға болады. Денсаулық сақтау басқармасындағылар қосымша  екпе кабинеттерін ашып бәрін реттедік деді. Ақ халаттылар вакцина алуға ниет білдіргендердің көбейгенін облыстың тұрақсыз эпидахуалымен байланыстырып отыр.

Демалыс күні Ақтаудағы №1 емханада талас-тартыста 600-ге жуық адам екпе алған.

Нұрбол Оқуов, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Вакцинаның барлығы бар. Бірақ ол жерде негізі біреуі үйіне, біреуі жолға асыққан. Стацинарларға жатқызылып жатқан науқастардың 99 пайызы екпе алмағандар. Ол ақпарат күнделікті тарап отыр, халық түсіністікпен қарап, қазір вакцина алуға асығып жатыр. Бұл бір жағынан қуантарлық жағдай.

Мамандар екпе салдыртқысы келетіндер көбейе берсе, жыл соңына дейін Маңғыстау облысы вакцина алуға жарамды тұрғындардың 60 пайызы екпе алады деп отыр. Жалпы қазіргі таңда өңірде 52 егу кабинеті жұмыс істеп тұр. Оның 38-і медициналық нысандарда орналасқан. Ал, қалғаны жылжымалы егу пункті.  

Алматыда қазір 160 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасқан екпе салу орны. Вакцинаның бірінші компонентіне берілген уақыт аяқталайын дегенімен, мұнда дүрбелең байқалмайды. Тұрғындар кезек-кезегімен, емін-еркін екпе алуға кіріп жатыр.

Қазір екпе салдыруға ниеттілер едәуір азайды дейді мамандар. Сауда ойын-сауық орталығындағы вакциналау пунктіне жұрт әсіресе түскі үзіліс кезінде жиірек келеді екен.

Айнұр Рахатова, сауда ойын-сауық орталығындағы вакциналау пунктінің жетекшісі:

Адам саны басындағыдай көп емес. Таңертеңнен бері 100 бірінші кезеңге, 120-дай адам екіншісін алды. Түскі уақытта, сағат 1-2  мен 2 аралығында көп адам келеді.  

Емханаларда да бүгін адам аса көп емес. Түстен кейін келушілердің вакцина алам деуші өзге адамдарды ұзақ күтуіне тура келді. Өйткені «Спутник V» вакцинасының бір қорабын ашқанда бірден бес адамға салу керек. Қазір алматылықтар ресейлік екпеден бөлек, отандық QazVac вакцинасын салдыра алады. Басқа өндірушілердің екпесі әзірге қалада жоқ.

Алматы вакцина алғандар саны бойынша көшбасшы қала. Ақпаннан бастап мұнда 771 мыңнан аса адам екпенің бірінші компонентін салдырған. Оның 4 мыңнан астамы соңғы тәулікте вакцина алған. Ал екінші компонентті бір күнде 5722 адам алған.

Елордада 40 шақты вакциналау пункті жұмыс істейді. Күн сайын 2000-дей адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырып жүр. Бұл адамдарды тек кәсіпорын немесе компаниялардың қызметкерлері деп айту қиын. Бірақ Нұр-Сұлтандағы вакцина салдырғандардың ішінде олардың үлесі жоғары болуы мүмкін. Өйткені еңбек ұжымдарының вакцинаның бірінші компонентін алуына бір күн ғана қалды.  Бас шаһардағы коммуналдық мекемелердің қызметкерлері қазір 100% екпе салдырыпты. Ұлттық компаниядағылардың басым бөлігі де коронавирусқа қарсы вакцина алған.  

Елорданың егу пункттерінде де ресейлік «Спутник V» және отандық QazVac препараты бар. Нұр-Сұлтандағы кәсіпорын жұмысшылары пунктерге барып әуреленбейді екен. Оларға медициналық бригадалар өзі барады. Сол себептен де болар, егу орындарында ұзын-сонар кезекті көре алмадық.

Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Өндірістік ұжымдық топтарда вакциналау жүріп жатыр. Кез келген ұйым басшысы болсын, мекеме басшысы емханалардың өзіне тікелей хабарласып, кейде бізге хабарласып, өтініш білдіреді. Сол кезде емханалардағы шұғыл бригадалары сол жұмыс орнына шығып, сол жерде вакцина егеді. Алайда міндетті түрде санитарлық талапқа сай болуы керек.

Еңбек ұжымдарын вакциналау бір ай бұрын жарияланған. Алдымен Үкімет екпені барлығы 15-тамызға дейін алсын деген, кейін мерзім ұзартылды. Ертеңге дейін әр қазақстандық, кем дегенде бірінші компонентін алуы керек. Содан кейін компанияларды тексеру басталады. Вакцина салдырмаған қызметкер жұмыс істей алмайды. Ал жұмысшыға рұқсат берген кәсіп иесі 14 мыңнан 1 миллион 400 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Тіпті кәсіпорын қызметінің уақытша тоқтатылуы да ғажап емес. Бұл талап мейрамханалар мен кафелердің иелеріне дұрыс түсіндірілмеген.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- 425, 463 және тағы да басқа баптармен бізді қорқытады. Бұдан сұрақ туындайды. Бізді қандай негізге сүйеніп тексермек? Ешқандай алгоритм жоқ қой. Вакцина құжатын екі компонентті алғаннан кейін береді. Ал егер жұмысшы тек біріншісін алған болса ше? Онда не істейміз? Қалай дәлелдейміз? Білетінім, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы денсаулық сақтау министрлігіне осы түсініксіз ақпаратты түсіндіруді талап етіп хат жазды. Әлі жауабы жоқ.

Кәсіпкерлердің өтініші негізінде біз де денсаулық сақтау министрлігіне хат жаздық. Ауызша жауабына сүйенсек, бұл сауал әлі қарастырылып жатыр екен. Ал компанияларды тексеру 1-қыркүйектен кейін басталады. Адамдар вакцинаның екінші компонентін алып болған соң ғана. Елордада вакцина салдырғандар саны айтарлықтай көп емес. 360 мыңдай тұрғын екпенің бірінші компонентін салдырды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде