Семейде ескі көпірдің бір бөлігі опырылып түсті
Семейде Ертіс өзенінің үстімен өтетін ескі көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі опырылып түсті. Жұрттың үрейін ұшырған көпірдің үстімен енді көлік тұрмақ, адамның жүруіне тыйым салынды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
10.08.2021
Шаһардың екі жағын жалғап жатқан екі көпірдің бірі. Оның тұрғызылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. 2010 жылы тексеріс жүргізген көлік прокуратурасы бұл көпірді апатты деп таныған. Жергілікті билік оған жылда жеңіл-желпі жөндеу жасап келген. Жұрт көпірдің жақтауына сүйенуге де қорқатын. Тозығы жеткен бетоны үгітіліп қорқынышты халде тұрған. Опырылып жатқан көпірдің жарамды, не жарамсыз екенін комиссия анықтағанша, көпірде жүріп-тұруға тыйым салынды.
Дамир Жаңғырбаев, Семей қаласы ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің мемлекеттiк автоинспекторы:
- Жергілікті биліктің шешіміне сәйкес, ескі көпірдің үстінен көліктің жүруіне тыйым салынды. Қауіпсіздік қамтамасыз етілуі қажет. Сондықтан, оның қос бетіне полиция қызметкерлерінен күзет қойылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!