Алматыда ТЖО өртеніп, екі көлік түгі қалмай жанып кетті
Алматыда техникалық жөндеу орталығы отқа оранып, будақтаған қара түтін бірнеше шақырымнан көрінді. От тіпті көршілес ғимараттарға тарала жаздады.
Автор: СымбатҒалымбекұлы
10.08.2021
Құтқарушылар тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап үлкен қауіптің алдын алды. Ал нысан ішідегі он көліктің екеуі түгі қалмай жанып кетті.
Өрт түскі сағат 12 шамасында қаланың қымбат ауданында орналасқан көлік жөндеу орталығында тұтанған. Ал нысан ішіндегі адамдар дер кезінде сыртқа шығып үлгеріпті. Қызыл жалын көзді ашып-жұмғанша күш алып ешкімге дес бермеген.Өрттің өршуіне нысан ішіндегі май толған бөшкелер себеп болыпты.
Сол сәтті Алматы аспанын қою қара түтін басқанын мына кадрлерден байқауға болады. Тілсіз жау көрші тұрған ғимараттарды да шарпи жаздаған. Алайда оқиға орнына жеткен 60-тан астам маман мен 17 техника оған жол бермеді. Жалын 600 шаршы метр аумақты әп сәтте күлге айналдырған.
Ержан Құрманбаев, Алматы қаласы ТЖД басқарма басшысы:
- Өрт сөндірушілер жеткенде от лапылдап жанып жатты. Олар алғашында техникалық қызмет көрсету орталығына жақындай алмай әуре-сарсаңға түскен. Өйткені темір жабындылардан жасалған нысан маңы бет қаратпас ыстық болды. Соған қарамастан көршілес орналасқан ғимарат арқылы тілсіз жауды ауыздықтадық. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!