Нұр-Сұлтанда тұрғындар кірпіш зауытының жабылуын талап етті
Нұр-Сұлтанда бір топ тұрғын кірпіш зауытының алдында шу шығарды. Оларды кәсіпорыннан тараған түтін иісі әбден мезі қылған. Терезесін қымтап отырудан жалыққан жұрт зауыттың жабылуын талап етеді.
Автор: Аруна Ортай
11.08.2021
Құрылыс материалын шығаратын мекеменің де оңай берілгісі жоқ. Дәл қасына үйлер салуға рұқсат берген әкімдікті кінәлайды. Түтіннен басталған дау сотқа дейін жетіпті. Таза ауа үшін тартыс немен аяқталды?
- Міне, терезеңізден осылай көріне ме? Сіз күнде осындай түтін жұтасыз ба? Жұтпайсыз! Мына жерде білінбейді! Біздің үй жақа жүріңіз қанеки!
Кірпіш зауытының директорын түтіп жеп жапқан – «Астана сәні», «Шерқала», «Асхат» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары. Азаматтарды бала-шағасын жетектеп кәсіпорын алдында айқай шығаруға мәжбүр қылған – түтін иісі. Күн-түн демей зауыттың құбырынан тараған қалдықтар халықтың терезесін аштырмайды екен. Одан қалды киімге дейін сіңіп, жұрттың зығырданын қайнатқан.
Іңкәр Тиыштыбаева:
- Таңертең тұра терезе ашпайсың. Терезені ашсаң біттің! Кешке жақын түтін болады кәдімгідей. Сасық, жағымсыз иіс шығып жатыр. Осы тұрғанда да иіс. Ол көзге көрінбейтін газ. Бәріміз бұл жерде құртылып жатырмыз. Денсаулығымыз, тамақтан кетіп жатыр, балалар таңнан кешке дейін есік алдында ойнай алмайды, терезе аша алмай отырмыз.
Түтін иісіне бір жылдан бері тұншығып келген халықтың ендігі төзімі таусылып, кәсіпорын басшысын қоршап алды. Алайда жиналған жұртпен тілдесуге шыққан директордың өзінің директоры бар боп шықты. Зауыт иесі сол деген кіші бастық мардымды жауап қайтара алмады.
- Бондаренко қайда?
- Қарағандыда.
- Ол кім?
- Зауыт қожайыны.
- Келсін сол! Ол өзі осында бола ма?
- Болмайды!
- Неге болмайды?
Айқай-шуға әкімдіктегілер жетіп келді. Айтуларынша силикат кірпішін шығаратын зауыт әне-міне жабылады. Жақында ғана соты өтіп, шенеуніктер жеңіп шыққан екен. Кәсіпкердің де оңай келіспесі анық. Бірден апелляциялық арыз түсірген.
Дарын Бақытбек, Нұр-Сұлтан қаласы «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК жетекшісінің орынбасары:
- Әрине, сіздердің жағдайларыңыз түсінікті. Бір үш-төрт айдың көлемінде бұл мәселеге нәрсеге нүкте қойылуы керек.
Төрт ай тұрмақ, төрт күн де түтінмен тыныстағысы келмеген тұрғындар «зауыт тоқтамайынша, кетпейміз» деп тұрып алды.
- Зауыт жұмысын тоқтатсын! Жұмысын тоқтатсын!
Түтін дауының мұнымен бітпейтін түрі бар. Өйткені зауыт сүрілген күннің өзінде жергілікті билік мұнда тағы да көпқабатты жаңа үйлер тұрғызбақ. Ал бір талы жоқ тақыр жерде тұрып жатқан халық босаған жердің саябаққа айналғанын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!