Ақтауда сыйақыдан қағылған фельдшерлер шу шығарды
Ақтауда 50-ге жуық фельдшер Медицина қызметкерлері күнінде сыйақыдан қағылдық деп шу шығарды. Мерекеге орай берілген ақшаны санитарлар, диспетчерлер, көлік жүргізушілеріне дейін алыпты.
Автор: Айман Нұрмағанбет
11.08.2021
Басшылық фельдшерлерді ұмыт қалдырған. «Коронавирусқа байланысты төленуі тиіс үстемақыны да жарытып ала алмай келеміз», - дейді ашулы топ. Фельдшерлер еңбек жағдайына да өкпелі. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жанайқайын тілшіміз тыңдап келді.
Әдетте таңертеңнен шақыртуға асығатын фельдшерлер бүгінгі күнді басшыларымен кездесуден бастады. Себебі, соңғы кезде жұмыста заңсыздық белең алып барады екен. Әсіресе Медицина қызметкерлері күніне орай берілген сыйақыдан қағылу жанына қатты батқан. Ең қызығы, сыйақыны санитарлар мен диспетчерлерден бөлек, жүргізушілерге дейін алған. Коронавирусқа байланысты берілуі тиіс үстемақы да жөнді төленбейтін көрінеді.
Сағынышқали Әмір, фельдшер:
- Үстеме 425 мың теңге беріліп жатқан жоқ. Оны алу үшін дәлелдеуің керек екен. КВИ оң болып шақыруға барасың. КВИ оң құжатын түсіріп алып, оны басып шығарып картаға жапсыру міндетті дейді. Ал дәлелдей алмасаң, төленбейді дейді. Мысалы, біреулерде болмай қалуы мүмкін, біз жай кіріп шықтық оған. Бізге төленбейді, бірақ КВИ оң нәтиже. Медицина қызметкерлері күніне бізге сыйақы беруін талап етеміз!
Фельдшерлер қасына тағы бір маман қосуды сұрады. Өйткені ауыр халде жатқан науқасты ауруханаға апаратын сәт жиі болады. Сол кезде көмекке көшеден өткен-кеткенді шақырып әуре-сарсаңға түсеміз деп отыр.
Башир Ерсайынов, фельдшер:
- Екінші фельдшер беруді талап етеміз. Не үшін? Себебі, біздің бұйрығымыз бойынша бар. 2017 жылы шыққан 450 бұйрықта және 2020 жылы шыққан 225 бойынша бізде бір бригадада бір фельдшер жүруге болмайды. Ол моральдық жағынан да және жалпы қауіпті.
Бұрын күніне 450 шақыртуға барған жедел жәрдем бригадасының жұмысы қазір қауырт. Тәулігіне 1200-ден аса қоңырау түседі. Фельдшерлердің мұңын тыңдаған басшылары қосымша маман алу мәселесін көтеріп министрлікке хат жазған көрінеді. Ал сыйақы мен үстемақы дұрыс төленіп жатыр деп отыр.
Айларбек Шыршықбаев, Маңғыстау облысы жедел жәрдем станциясының директоры:
- Шақыртылымға байланысты қосымша алатын Үкімет бекіткен үстемақы уақытымен төленіп отыр. Облыс әкімінің шешімімен ең төменгі айлық көрсеткіштен екі жарым еселенген көмек жәрдем ретінде бүкіл облыс жедел жәрдем станциясының жүргізушілеріне және тазалықшы санитарлаға және диспетчерлерге төленді. Мен қазір бұйрықты орындап артық адамды жұмысқа алатын болсам, мен оған айлық төлеуім керек. Мен айлық төлей алмайтын болсам, ол адамды не үшін аламын?
Әзірге фельдшерлердің қасына екінші маман қашан жұмысқа алынатыны белгісіз. Себебі, денсаулық сақтау министрлігі қазір тарифті қайта қарастырып жатқан көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!