Әр федерация олимпиададағы сәтсіздікке жеке-жеке есеп береді
Әр федерация олимпиададағы сәтсіздік үшін жеке-жеке есеп береді. 10-қыркүйекке дейін олар Токиоға барып келген спортшылардың өнерін саралауы керек. Ал сол айдың соңында толыққанды қорытынды жасалып, қатемен жұмыс басталмақ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.08.2021
Дегенмен федерациялар сәтсіздік себебін түсіндіруді бүгіннен бастап кетті. Мәселен, Гюзель Манюрова әйелдер күресінде медальсіз қалуға олимпиаданың бес жылдан соң өткізілуі де кері әсер етті дейді.
Басқа да бапкерлердің уәжі қандай?
Олимпиаданың аяқталғанына бес күн өткенімен, еліміздегі спорт саласына жауаптылар тілшілердің қордаланған сұрақтарына тек бүгін жауап берді. Додада Қазақстан 206 елдің ішінде 83-інші орынға жайғасты. Бұл жолы елімізге алтын түгілі, күміс медаль да бұйырмады. Құрамаға 97 жолдама берілген болса, соның ішінде 8 спортшы ғана қола медальді жеңіп алды. Енді сол үшін әр федерация жеке-жеке есеп беретін болады.
Андрей Крюков, ҚР ҰОК бас хатшысы:
- Қыркүйектің онына дейін спорт федерациялары Токио олимпиадасы бойынша толыққанды есеп тапсыруы керек. Қыркүйектің соңына қарай дода бойынша қорытынды шығарылады. Содан кейін қатемен жұмыс істеп, келесі Олимпиадаға дайындықты бастаймыз.
Дегенмен кей федерациялардың төмен көрсеткіш себебін бүгіннен бастап түсіндіруіне тура келді. Мәселен, Бақтияр Артаев бас бапкерге сенгенін айтады. Боксшыларымыздың бар-жоғы 2 қоламен шектелуіне өзге де факторлар кері әсер етсе керек.
Бақтияр Артаев, Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті:
- Күніне үш мезгіл дайындықтың өзі балаларға өте ауыр тиіп жатыр. Сондықтан мүмкін дайындық кезеңін өзгертеміз. Бапкерлердің мәселесін қарастырамыз. Және де мынау балалардың жейтін тағамдарын, рационын өзгертетін шығармыз. Жұмыс істеу керек, былайша айтқанда, өте төмен көрсеткіш болды. Енді осымен жұмыс істеп, әлем біріншілігінде жанкүйерлерімізді қуантамыз деген сенімдеміз.
Осылайша Артаев қазанда Сербияда өтетін әлем біріншілігінде олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр. Әрі оған еліміз жаңа құраммен бармақ. «Ұлттық құрама тізімі 80 пайызға өзгереді», - дейді Бокс федерациясының вице-президенті. Ал Гузель Манюрова әйелдер күресінің мүлдем медальсіз қалуын былай деп түсіндірді:
Гузель Манюрова, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті:
- Валентина Исламова олимпиададан екі ай бұрын Польшадағы турнирде эквадорлық спортшыны ойсырата жеңген болатын. Яғни ол қарсыласын емін-еркін ұтуы керек еді. Татьяна Ахметова да польшалық спортшыны жеңе алатын еді. Эльмира Сыздықованың да қырғыз қызына күші жетеді. Бірақ әйелдер күресінде осындай күтпеген жағдай болып тұрады. Сәттілік жетпей қалды. Олимпиаданың бес жылдан кейін өтуі де бізге кері әсер етті.
Ал келесі Жазғы олимпиада ойындарына дейін арада небәрі үш жыл бар. 2024 жылы Парижде спортшыларымыз жерге қаратпайды деген үміт мол. Бүгін Президент Токиодан жүлдемен келген жігіттерге мемлекеттік награда беру туралы қаулыға қол қойды. Оның ішінде Елдос Сметовты үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанлоны екінші дәрежелі «Достық» орденімен, қалған 6 спортшыны «Құрмет» орденімен марапаттады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!