Жаңа оқу жылына ата-аналар қалай дайындалып жатыр?
Екі аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Еліміздегі базарларда әзірге абыр-сабыр байқалмайды. Мектеп формасының бағасы да тұрақты. Жұрт биыл базар аралаудан гөрі, оқушылар киіміне қашықтан тапсырысты көптеп беріп жатыр екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
13.08.2021
Отандық кәсіпкерлер мектеп формасына сұраныс артты деп қуанып отыр. Білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл оқушылар мектеп формасымен қатар білім ошағына классикалық үлгідегі киімді киіп баруға рұқсат еткен.
Гүлнази апа биыл бірінші сыныпқа баратын немересіне мектеп формасын сатып алуды ұйғарыпты. «Балалар біркелкі киім киіп, оқушы екенін сезінуі тиіс», - дейді. Оның пікірінше, бұл талап жеткіншектер арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетуге және ерекшеленуге жол бермейді.
Гүлнази Дайрабаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мектеп формасы болған жақсы ғой. Тәртіп болу керек. Бәрі бірдей болу керек. Шыққанда барлығы әдемі болып шығады, бір қалыпты. Мен көк немесе қара форма әперемін. Форма кию оқушыға мақтаныш қой.Біреулер былай дейді, біреулер біркелкі киіндіреміз дейді. Бес саусақ бірдей емес.
Әр ата-ана қалтасындағы барын баласының керек-жарағына жұмсайтыны анық. Бірақ тапқан-таянғанын ас-суға әрең жеткізіп жүрген отбасына бұл мәселе нағыз мұң. Солардың бірі – көпбалалы ана Гүлзира. Алматы облысының тұрғыны биыл бес бірдей баласын мектепке апарады. Алайда көпбалалы ана ұл-қызына мектеп формасы тұрмақ, мектепке керек-жарағын әперуге қалтасы көтермейді.
Гүлзира Бектемісова, көпбалалы ана:
- Сегіз баланың анасымын. Құдай қаласа, тоғызыншысын дүниеге әкелемін.Маған баспана мәселесі өте қиын болып тұр. Үйіміз құлағалы тұр. Бізге үй мәселесіне көмектессеңіздер дейміз. Бес балам мектепке барады. Былтыр бірінің киімін бірі киген. Биыл мектеп формасын алу бізге қиын болып тұр. Соған көмектессеңіздер дейміз.
Екі аптадан соң жаңа оқу жылы басталады.Былтыр пандемияда қашықтан білім алған оқушылардың киіміне қатысты Білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл ешқандай талап қойған жоқ. Ведомство басшысы қазіргі эпидахуал мен халықтың әл-ауқатын ескеріп, мектепке формамен қатар түрлі-түсті жазуы жоқ классикалық үлгідегі киім киюге де рұқсат етілді. Яғни, әркім енді көрпесіне қарай көсіледі.
Ендеше мектеп формасының орташа бағамын есептей көрейік. Мысалы, ақ жейде 3 мың теңге, жакет 4 мың теңге, белдемше 5 мың теңге, шалбар 5 мың теңге, галстук мың теңге тұрады. Туфли 10 мың теңге. Ұл-қыздарын білім ошағына киіндіру үшін әр ата-ана шамамен 30 мың теңгеден астам қаражат жұмсайды. Оған кастюм мен жемпірді қоссаңыз, шығыныңыз 40 мың теңгеге жуықтайды.
Бірақ елімізде мектеп формасын іздеп сабылып жүрген ата-ананың қарасы аз. Базарларда абыр-сабыр байқалмайды. Мұнда Қырғызстан, Қытай, Өзбекстанан әкелінген киімдер самсап тұр. Көбісі былтыр өтпей қалған мектеп формаларын саудалауда. Киімнің сапасына қарай бағасы да әртүрлі.
Арай Жақыпбекова, сатушы:
- Сауда жай-жай болып жатыр. Ұлдардың формасы Пекиннен 8 мыңнан басталады. Түркиянікі 12 мыңнан жоғары. Көбінесе сым мен жейде алып жатыр. Ол арзанға түседі. 5-6 мың.
Есесіне онлай сауда қызып тұр. Жұрт оқушыларға арналған киімді интернет арқылы тапсырып беріп жатқанын отандық кәсіпкерлер растады. Тамыз айы басталғалы бұл цехтың тігіншілері дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Министрдің мәлімдемесінен кейін кәсіпорын басшысы өнімдерін интернет-дүкендерге салып, тығырықтан шығатын жол тапқан.
Виктория Сокирко, тігін цехының басшысы:
- Біз интернет дүкендерге өзіміз тігетін мектеп формасын салдық. Сұраныс артты. Ата-аналардан тапсырыс әлі де келіп жатыр. Барлығын уақтылы дайындап беруге тырысамыз. Тұтас мектеп формасынан гөрі, жейде шалбар сынды асты-үстін алып жатқандар көп. Ел тұрғындарының қашықтан тапсырып беруге бейімделгеніне қуандық.
Мектеп формасынан бөлек, әр ата-ана сөмке мен оның ішін керек-жарақпен толтыруы тиіс. Осылайша бір оқушы бастан-аяқ мектепке дайын болу үшін әр ата-ана кем дегенде 60-70 мың теңге жұмсайды. Алмасқа амал жоқ. Өйткені әр адам баласының білім нәрімен сусындағанын қалайды. Бірақ биыл кеулеп тұрған қауіпті кеселден көпшіліктің көңлі алаң-елең. Барлығы балаларының денсаулығын ойлайды. Сондықтан онлайн оқуды қолдап жатқан жандардың қарасы әлі деп көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!